RU

Қостанайлық полицейлер аязда үсіп кете жаздаған жанкүйерлерді құтқарды

Рудныйдағы «Горняк» хоккей клубының Қостанай қаласындағы жанкүйерлері түнде аязда қалып қоя жаздады. Бұл туралы ng.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.

Рудныйдан облыс орталығына түнделетіп жаяу келе жатқан жасөспірімдерді полицейлер байқап, Қостанайға жеткізіп салып, олардың аязда қалып қоюының алдын алды.

Қостанайда тұратын хоккейдің бір топ әсіре жанкүйерлері «Горняк» хоккей клубының шашбауын көтеру үшін Рудный қаласында өткен жарысқа барады. Олар жарысты ұйымдастырушылар жанкүйерлерді үйлеріне жеткізіп тастайды деп ойлайды.

Қалталарындағы ақшасына жарысқа билет, тамақ алады да, автобусқа қаржысы қалмайды. Ойын біткен соң Қостанайдан барған 20 жігіт түнделетіп Рудныйдан жаяу тартады. Екі қаланың арасы 45 шақырым. Ауа райы борасындатып тұр. Оларды жол полицейлері аға сержант Дәулет Тілеукенов пен кіші сержант Асхат Жайлыбаев байқап қалады.

Аға сержант Дәулет Тілеукенов: «Түнгі сағат 22.00 шамасында жол шетімен кетіп бара жатқан жастарды көрдік. Сұрай келгенде олар «Горняктың» жанкүйердері екен, кішісі 16, ересектері 20 жастағы жігіттер, арнайы жарысқа келіпті», – деді.

Полицейлер автобус шақыртып, оларды облыс орталығындағы автовокзалға жеткізіп салады. Және олардың ата-аналарына күтіп алуды хабарлады.

Еске сала кетсек, Дәулет Тілеукенов 2012 жылы суға батып бара жатқан адамды әріптесімен бірге құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын. Сонымен қатар оның есімі «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына» енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035233-qostanaylyq-policeyler-ayazda-usip-ke.html