RU

Қырғызстанда дәретханада босанған әйел сәбиімен бірге әжетхана шұңқырына түсіп кетті

Қырғызстанның Жалалабад облысы Тоқтағұл ауданында жас ана жаңа туған сәбиін қоғамдық дәретхананың шұңқырына тастап кеткен.

Абырой болғанда, нәрестені дер кезінде жаяу жүргіншілердің бірі байқап қалып, құтқарушыларға хабар берген деп жазады Skifnews.kz.

Оқиға 27 қаңтар күні орын алыпты. Аудандық балалар ісі жөніндегі комиссия өкілдері нәжіс арасынан табылған сәбиді балалар үйіне емес, өз анасына қайтарып беруді жөн көріп отыр. Белгілісі, әйел дәретханада босанып, шаранасымен бірге шұңқыр ішіне өзі де түсіп кеткен. Алайда, ол баласын құтқарудың орнына оқиға орнынан кетіп қалған. Әйелдің осындай қатыгездікке барғанына қарамастан мамандар ұл баланы оған неліктен қайтарып беріп жатқандығы түсініксіз дейді қырғызстандық БАҚ өкілдері.

Дәрігерлер нәрестенің дін-аман екенін және ауруханадан бүгін-ертең шығарылатынын айтып отыр. Оған Марс деп ат та қойыпты. Сәбиді өз анасы алып кетуі тиіс. Ал, отбасының жағдайын әлеуметтік сала қызметкерлері күнделікті тексеріп отырады.

Баласын дәретханаға тастаған Айпері жалғызбасты емес. Ол 2014 жылы Бекбол Атабекұлына күйеуге шыққан екен. Екеуінің бір жарым жасар қызы бар.

Естеріңізге салайық, дәл осыған ұқсас жағдай біздің елде де орын алған еді. Қаңтар айының басында Жамбыл облысында жол бойындағы дәретханадан жолаушылардың бірі жаңа туған нәрестені тауып алған болатын. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар оның өмірін аман алып қалды. Қазіргі таңда мамандар баланың тағдырын әлі шешкен жоқ. Өйткені, сәбидің әжесі баланы өз бауырыма басамын деп, балалар үйіне өткізуге үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. Сондай-ақ, оны асырап аламын деушілер де көп. Ал, анасы болса баласын өлтірмек болғаны үшін сот алдында жауап беретін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035515-qyrghyzstanda-daretkhanada-bosanghan.html