RU

Ақтөбеде кондуктор мүгедек баланы "салонда көп орын алып қояды" деп автобусқа кіргізбей қойды

Ақтөбеде қоғамдық көлік жолаушылары кондуктордың әрекетінен жаға ұстады. Автобус қызметкері салонға мүгедек жеткіншекті кіргізбей қойған деп хабарлайды NUR.KZ порталы aktobetimes.kz-ке сілтеме жасап.

1 ақпан күні болған оқиғаға 10-даған қала тұрғындары куә болған. Тұрғындар жеткіншекке деген кондуктордың қарым-қатынасына ашуланған. «Автопарк» бұл жайтқа байланысты түсініктеме берді.

Куәгерлердің сөзіне сенсек, «Мега Ақтөбе» аялдамасында «346 AF 04» мемлекеттік нөмірмен тіркелген №26 автобустың кондукторы мүгедек жеткіншекті "салонда көп орын алып қояды" деп кіруіне мүлдем рұқсат етпеген.

"Мен бұл жайттың куәсі болдым. Аялдамада тұрып, автобус күттім. «26» автобус келді. Салонда бос орын көп еді. Артқы есіктен жеткіншек кірді. Кондуктор бірден оның соңынан еріп, сыртқа шығарып жіберді. Кондуктордан не үшін олай жасағанын сұрағанымда, ол баланың орнына 55 теңге төлесең кіргіземін деген жауап қайтарды. Содан кейін мен және өзгелер оның автобусын фотоға түсіріп алдық", - дейді ол.

Кондуктордың дөрекі екенін өзге тұрғындар да растап отыр.

"Дәл осы кондуктор «Сазды» аялдамасынан екі пакет арқалаған әжені алмай кетті. Сол кезде автобус нөмірін жазып алып, "Автопаркке" хабарласпақ болдым, алайда сол беті ешкім жауап бермеді. Неге кондуктор жеңілдікпен жүретіндерді ренжітеді", - дейді Мерейлім Стамбекова.

"Автопарк" ЖШС болған жайтқа түсініктеме беріп, кондуктордың сөзін алға тартты.

"1 қаңтарда ондай жағдай болғаны рас. Жүргізуші жеткіншектен жаман иіс шығып тұрғасын, жолаушылар шағымдана бастағанын айтып отыр. Сол себепті ол жолаушыны сыртқа шығарған. Бастапқыда ол жігіттің мүгедек екенін білмеді. Оны тек мүгедектігін растайтын құжатын көрсеткенде білді. Ол өз сөзінің растығын дәлелдеу үшін әлгі жеткіншекті іздеп табуды да ұсынып отыр. Біз оның әрекеті дұрыс болмағанын түсіндіріп, ескерту жасадық", -  дейді «Автопарк» ЖШС заңгері Руслан Жылқаманов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035696-aqtobede-konduktor-avtobusqa-mugede.html