RU

Жерге диаметрі 30 метр болатын метеорит жақындап қалды

NASA Жерге Челябі метеоритінің «егізі» жақындап келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.

NASA Реактивті қозғалыс зертханасы Жерге Челябі маңына құлаған метеориттен диаметрі 10 метрге ғана үлкен шағын астероидтың жақындап келе жатқанын хабарлады. Аталған 2013 TX68 астероиды ғаламшарға ең жақын қашықтықтан, яғни, 17 мың шақырым жерден 2016 жылдың 5 наурызында ағып өтпек.

Ғалымдардың пайымдауынша, аспан денесінің диаметрі 30 метрді құрайды, ал егер ол Жердің атмосфера қабатына өтсе, онда Челябідегі жағдайдан екі есе күшті жарылыс болуы мүмкін. Астероид Жерге екі жыл бұрын да жақындаған еді. Алайда, ол кезде «ең қолайлы 2 миллион шақырым қашықтықта» ұшып өткен болатын. Челябі метеоритіне ұқсас аспан объектісі наурыз айында тым жақын ұшқанына қарамастан, оның Жерге соқтығысуы екіталай. Десек те, ғалымдар әзірге астероидтың ұшу траекториясын есептеп шығару мүмкін емес екенін айтуда.

Еске сала кетсек, 2013 жылы 15 ақпанда жергілікті уақыт бойынша 9:22-де Ресейдің Челябі облысы аумағынан қатты жылдамдықпен әрі өте жарық от жарқылымен метеорит ұшып өткен болатын. Ал Гринвич уақыты бойынша 3 сағат 20 минут 26 секундта Челябі орталығынан оңтүстік-батыстағы бір шақырым жерде магнитуда көрсеткіші шамамен 4-ке тең жер сілкінісі тіркелген. Жерде бұл құбылыс үлкен жарылыс секілді сезілді.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан соң бірнеше минут өткеннен кейін Жерге толқын соққысы келген. Оның әсер ету жолағы жер бетінде ұзындығы – 130, ал ені 50 шақырымға дейін созылған. Ал соққы тиген аумақтың өзі 6,5 шаршы шақырымды құраған. Ресей Ғылым академиясының Вернадский атындағы геохимия және аналитикалық химия институтының ғалымдары Челябі метеоритінің бөлшектерін зерттеу нәтижесінде Челябі аймағына құлаған ғарыш объектісінің бір кездері одан да ірі астероидтан бөлініп түскенін мәлімдеген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035703-alyp-meteorit-osy-zhyldynh-nauryz-ayynd.html