RU

Ақтөбеде 90-нан асқан кейуананы ер кісі ыстық үтікпен күйдіріп, азаптап өлтірді

Ақтөбеде жантүршігерлік жағдай орын алды. 49 жастағы ер кісі ақшаға бола 90-нан асқан кейуананы ыстық үтікпен күйдіріп, азаптап өлтірген деп хабарлайды NUR.KZ порталы aktobetimes.kz-ке сілтеме жасап.

Дүйсенбі күні ертесімен 8 Март көшесінің бойында орналасқан 5 қабатты үйдің пәтерлерінің бірінен 91 жастағы кейуананың мәйіті табылды. Қаза болған әжей Ұлы Отан соғысы ардагерінің әйелі әрі тыл жұмыскері болған. Бір қабат жоғары орналасқан пәтерде оның немересі тұрса да, қылмыскердің кейуананы азаптап өлтіргенін ешкім естімеген.

"Біз әжемізге күн сайын хабарласып тұрамыз. Дүйсенбі хабарласқанымызда, ешкім жауап бермеді. Сосын үйіне барып едік, жантүршігерлік жағдайдың куәсі болдық. Полиция шақырттық. Жасы келген адамды қалайша осынша азаптауға болады? Оны ыстық үтікпен азаптап, соққыға жыққан... Қабырғасын сындырған, денесі көгеріп қалған... Үйінде 2-3 мың теңгеден артық ақша болуы мүмкін емес. Оның алтын алқасы мен күміс сақинасын ұрлап әкеткен. Ол еш уақытта бөтен адамға, әсіресе ер кісіге есік ашпайды. Біздің ойымызша, бұған әйелдің қатысы бар. Асүйде таңғы асқа әзірлеген жұмыртқасы мен наны сол күйі қалған. Ол тамақтанып та үлгермеген", - деп есіне алды кейуана туыстарының бірі.

Полицейлер болған жайтқа түсініктеме берді.

"1 ақпанда пәтерде 91 жастағы тұрғынның мәйіті табылды. Оны қасақана өлтірген. 49 жастағы бұған дейін істі болған күдікті құрықталды. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Бұрынғы қылмысы үшін мерзімі өтелмеген. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған болуы да мүмкін", - дейді облыстың ІІД баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин.

Тәртіп сақшылары марқұмның үтікпен азапталғаны туралы ақпаратқа қатысты ешбір түсініктеме бере алмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035772-aqtobede-90-nan-asqan-keyuanany-er-kisi.html