RU

Павлодарлық имамдар: Адам дене мүшесін сатса, Алланың қаһарына қалады

Павлодарлық Ислам дінінің өкілдері жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның ағзасын немесе денесінің бір бөлігін келесі бір адамға салуға қандай жағдайда рұқсат берілетіні және шариғаттағы орны туралы айтып берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыс орталығындағы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, шариғатта донорлық жасауға рұқсат берілген.

"Айталық, бір адамға бауыр керек болған жағдайда басқа бір марқұмның дене мүшесін алу қажет болса, ең әуелі туыстарының рұқсатын алу шарт. Бірақ оны науқасқа сатуға болмайды. Бұл - үлкен күнә. Алланың разылығы үшін туыстары марқұмның дене мүшесін алуға рұқсат берсе, шариғат тұрғысынан ешқандай бөгет болмайды", - деп атап өтті Қоспақұлы.

Ал, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаевтың айтуынша, қазіргі таңда дене мүшесін сатып, пайда тапқысы келетіндер жоқ емес.

"Мұндай жандар тікелей Алланың қаһарына қалады. Егер де Жаратушының разылығы үшін адам ағзасын тегін беруге ниет етсе, қарсылық жоқ. Құран аяттарының бірінде: «Кімде-кім бір адамға қастандық жасаса, барлық адамзатқа зұлымдық жасағанмен бірдей болады. Ал, егер, кімде-кім бір адамға жақсылық жасаса, барша адамзат баласына жақсылық жасағанмен тең». Марқұм болған адамның ең жақын туыстары разылық үшін тегін келісім берсе ғана, оның ішкі ағзасына қол тигізуге болады. Яғни, ақша табу мақсатынан аулақ болған жөн", - деді Қабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035818-pavlodarlyq-imamdar-dene-mushesin-sat.html