RU

Денсаулық сақтау министрі доңыз тұмауы туралы айтамын деп сөзден жаңылды

4 ақпанда Денсаулық сақтау министрі Қарағандыда жүкті әйелдің доңыз тұмауынан көз жұмғанын айтып елді дүрліктірді. Сөйтсе, Тамар Дүйсенова сөзден жаңылыпты.

Басшыларының  қате ақпарат бергенін айтып, Қарағандының денсаулық сақтау басқармасы да жанұшырып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Десе де бұл өңірде соңғы екі айда 27 адамның доңыз тұмауын жұқтырған екен. Бірақ барлығы ем қабылдап дертінен құлан таза айыққан көрінеді. Әзірге Н1N1 вирусынан ажал құшқан ешкім болған жоқ дейді жергілікті дәрігерлер.

Ал осы дерттен қайтыс болды делінген 33 жастағы Сәуле Ақпанова ауруханаға сырқаты асқынғанда түсіпті. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылған аяғы уыр әйелге кәдімгі тұмауға шалдықты деген диагноз қойылған. Алайда науқасқа ем жасалғанымен ауруханада 5 күннен соң көз жұмған.

"Жүкті келіншек жанармай құю бекетінде жұмыс істеген. Тұмауды сондағы өткен-кеткеннен жұқтырса керек. Үйінде ауырып жатқанда дәрігердің көмегінен бас тартты. Сөйтіп уақыт өткізіп алған", - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлбан Мамалинова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1036079-densaulyq-saqtau-ministri-donhyz-tuma.html