RU

Дәрігерлер қазақстандықтарға етті көп жеу рак ауруына соқтыратынын ескертті

Елде қатерлі ісік дертінің тері, өкпе мен асқазан рагы сияқты түрлеріне шалдыққан адамдар көп. Мамандар жұртты ауырмаса да, тегін тексеруден өтіп тұруға шақырады хабарлайды Азаттық.

Қызылорда облысының тұрғыны, Алматыдағы қазақ онкология және радиология институтында емделіп жатқан Бақытгүл Бекмағамбетова қатерлі ісік ауруына шалдыққанын кеш білгенін айтып өкінеді.

"Өзім толық болатынмын. Біреулер «Сен азып кеттің, ішің үлкейіп барады» деген кезде «Қой, бұрыннан қарным осындай» дейтінмін. Сөйтіп кешігіп қалдым. Сосын ауруханаға барып жолдама алып, осында келдім. Ертерек білгенімде операция жасатудың да қажеті де болмайтін ба еді", – дейді 58 жастағы тұрғын.

Бақытгүл Бекмағамбетова «аналық безі ісігі» деген диагноз бойынша тоғыз күн бұрын операция жасатқан.

Жылына 16 мың адам рактан көз жұмады

Мамандар Қазақстанда қатерлі ісік дертіне шалдығушылар жыл сайын көбейіп бара жатқанын айтып алаңдайды. Қазақ онкология және радиология институтының дерегінше, қазір елде 156 мыңнан астам адамға «қатерлі ісік» диагнозы қойылған. Елде күніне 100-дей адамнан (ал жылына – 36 мыңнан астам адамнан) осы дерт табылады, жылына 16 мың адам рактан көз жұмады.

"Қатерлі ісіктің пайда болуы генетикалық, стрестік-гармональды ақау, вирустық этиология сияқты бірнеше факторға байланысты. Яғни әр қатерлі ісік өзінше дамиды. Алкоголь асқазан мен бауыр қатерлі ісігінің дамуына әсерін тигізеді", – деді Алматы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова 4 ақпан – халықаралық ракпен күресі күні өткен жиында.

Алматы онкология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Балтаевтың айтуынша, елдің әр аймағында қатерлі ісіктің әр түрі басым.

"Алматы өңірінде – тері және сүт безінің қатерлі ісігі, солтүстік аймақтарда – өкпе, Қызылорда өңірінде өңеш қатерлі ісігі жиі кездеседі. Қарағанды мен Өскемен аймақтарында ауа қатты лас болғандықтан өкпе ісігі көп. Экологиялық ахуал, тамақтану ерекшеліктері, дәрумендер құрамы – осылардың барлығы әсер етеді", – дейді Нұрлан Балтаев.

Сондай-ақ етті шамадан көптұтыну ас қорыту жолының рагына әкеліп соғуы мүмкін. Асқазан рагы Қазақстандағы онкологиялық аурулардың арасында екінші орында тұр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

“Ет тағамын көп мөлшерде тұтыну бұл үлкен проблема. Әйелдер мен ерлер арасындағы тоқ ішек рагы бізде алдыңғы орындарда тұр. Ас қорыту жолындағы рак кесірінен көз жұму бойынша әлемде Қазақстан бірінші орынға шыққан”, – дейді Алматы қаласының бас онкологы Диляра Қайдарова.

Мамандар тұрғындарға «өміріңізді қауіпке тікпей, қатерлі ісік бар-жоғын ерте білу үшін тексеруден жиі өтіп тұрыңыз» деген кеңес береді. Тұрғындар жергілікті ауруханалардан тегін тексеруден өте алады.

Дәрігерлердің сөзінше, осылайша алдын-ала тексерудің арқасында қатерлі ісіктен көз жұматын адамдардың саны бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда 7 пайызға азайған.

Қазақстанда қатерлі ісік дерті Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында көбірек тараған. Ал Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында ракқа шалдыққан адамдар азырақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әлемде жыл сайын 15 миллионға тарта адам қатерлі ісік дертіне шалдығып, жылына 8 миллиондай адам осы дерттен көз жұмады. Ұйымның дерегінше, қатерлік ісікті әсіресе ауыр салмақ, жеміс-жидек пен көкөністі мардымсыз жеу, аз қимылдау, темекі шегу мен алкогольді ішімдік ішу қоздырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1036278-qaterli-isikke-shaldyqqanyn-kesh-bilge.html