RU

Отандық режиссер АҚШ-та құлдыққа түскен қазақ қызы туралы фильм түсірмек

Қазақстандық кинорежиссер Саламат Мухаммед-Әли әйгілі продюсер Грей Фредиксонмен бірлесіп, "Құлдық" деп аталатын фильм түсірмек, деп хабарлады Алматы арнасы.

Фильмде зияткерлік құлдыққа түскен қыздың тағдыры баяндалады. Түсірілімнің 90 пайызы АҚШ-тың Оклахома штатында түсіріледі, ал қалған эпизодтары Қазақстанда жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Қазір сценарийдің соңғы нұсқасы жазылуда әрі инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аталған шығарманың басты рөлдерін америкалық және отандық әртістер ойнайды деп күтілуде.

"Фильм Қазақстаннан шыққан өте талантты қыз туралы болады. Ол қылмыстық оқиғаларға байланысты Нью-Йоркке тап балады. Ол жақта өте бай адамның қолына тұтқынға түсіп, құлына айналады",- деді  режиссер Саламат Мұхаммед-әли.

"Құлдық" фильмі - режиссер Саламаттың екінші туындысы болмақ. Бұған дейін ол "Бүкіл әлем біздің аяғымыздың астында" атты кинотуындысымен танылған-ды. Бұл картинаға әлемге әйгілі 8 киножұлдыз түскен болатын. Олардың қатарында британдық әртіс Питер О Тул, Арманд Асанте, Марк Дакаскос және Боло Йенг болған.

Фильмнің жалпы бюджеті 7 млн долларды құрады. Отандық көрермендердің ыстық ықыласынан соң, режиссер тұңғыш туындысын осы жазда әлемнің 67 елінде прокатқа шығаруды жоспарлап отыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1036813-otandyq-rezhisser-aqsh-ta-quldyqqa-tusk.html