RU

Тікұшақ апатынан қайтыс болған Гүлнұр Хамитованың есімі өзі оқыған колледжге берілуі мүмкін

Екібастұз медициналық колледжінде Алматы облысында тікұшақ апатынан қайтыс болған фельдшер Гүлнұр Хамитованы еске алу кеші өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Агенттікке медициналық колледждің директоры Татьяна Бай-Юн-Куй хабарлағандай, оқу орнының атауы өзгертілмейді.

"Бұл мәселе педагогтар мен әлеуметтік кеңесте қарастырылған. Емдеу ісінің үздік тобына Гүлнұр Хамитованың есімі берілуі мүмкін. Оның өміріне қатысты деректер мен суреттері ілінген арнайы бұрыш ашылды. Ғұмыры қыршыннан қиылған жас маманды еске алуға арналған сынып сағаттары ұйымдастырылып, бірге оқыған дос-құрбылары өздерінің естеліктерімен бөлісті. Гүлнұр алдына мақсат қоя білетін, оқуды төрт пен беске оқыған студенттердің бірі еді", - дейді Бай-Юн-Куй.

Оқу орнына Гүлнұр Хамитованың есімін беруге қатысты өз пікірін білдірген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша, мұндай сұрақтармен ономастикалық комиссия айналысады.

"Біріншіден, қоғамдық тыңдаулар өткізу керек. Егер де адам мұндай құрметке лайық деп танылса, есімін ел есінде мәңгі сақтау үшін атын беруге болар. Дегенмен бұл мәселені қарастыру барысында адамның өмірі мен қызметі жайлы егжей-тегжейлі білген дұрыс. Облыста мұндай марапатқа лайық жандар баршылық", - деді Нұрлан Қасымов.

Еске сала кетейік, 27-қаңтар күні Үшараладан ұшып шыққан тікұшақ Талдықорғанға келуі тиіс еді. Алайда әуе кемесі апатқа ұшырап, ішінде болған бес адамның барлығы қаза тапты.

Олардың арасында 2013 жылы Екібастұз қаласындағы медициналық колледжді бітірген 23 жастағы Гүлнұр Хамитова болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1036824-tikushaq-apatynan-qaytys-bolghan-gulnu.html