RU

Алматыдағы 7 көшеде қоғамдық көлікке арналған жолақтар пайда болады

Алматыда тағы 7 көшеде қоғамдық көлік үшін арнайы жолақтар пайда болады, деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Дәурен Әлімбеков.

Бұл туралы ҚазТАГ хабарлайды.

«Әзірге нақты 7 көшеде пайда болады. Тағы Абылай хан даңғылы бойынша нақтылануда. Жалпы қала бойынша барынша көп көше болады», - деді Әлімбеков.

Оның айтуынша, қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтарды барлық жолаушылар ағынын ескере отырып, жоспар бойынша енгізу керек.

«Бұл Райымбек, Төле би, Гоголь, Тимирязев, Наурызбай батыр, Желтоқсан, Сейфуллин, Райымбектен төмен қарай бірінші Алматыға дейін», - деп түсіндірді ол айрықша жолақтар енгізуге арналған көшелер тізімін.

Бұл ретте арнайы жолақтарды енгізу мерзімі туралы жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов хабардар етті.

«Қазір ІІД-мен бірге ойласып жатырмыз, көшелерді анықтаудамыз. Қалай күн жылынады, солай бастаймыз», - деді Әділов.

Бұған дейін арнайы жолақтар Алматыда Абай даңғылы мен солтүстік айналма жолы бойынша енгізілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1037128-almatydaghy-7-koshede-qoghamdyq-kolikke.html