RU

Назарбаева ҰБТ-ның үлкен психологиялық проблемаға айналғанын айтты

Ұлттық бірыңғай тестілеу ата-ана үшін де, бала үшін де моральдық, психологиялық мəселеге айналды. Бұл жөнiнде Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысында премьер-министрiнiң орынбасары Дариға Назарбаева мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу төңірегінде даулы мəселе көп. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің идеясы жақсы. Осы саладағы жемқорлықты азайтты. Министрлік пен үкімет мектептердегі білім сапасы туралы толық ақпарат алатын болды. Бірақ, ҰБТ білім сапасын толық ашатын тетік деп айта алмаймыз. Мектептің рейтингісін бағалайтын өзге де бірқатар көрсеткіштер бар», - дейдi Дариға Назарбаева.

Премьер-министрдің орынбасары ҰБТ-ның тағы бір алаңдатарлық тұсы бар екенiн атап өттi.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу ата-ана үшін де, бала үшін де моральдық, психологиялық мəселеге айналды. Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға кеткен бала соғысқа аттанғандай болмауы керек. Өздеріңіз білетін əртіс Тұрсынбек осы мəселені əзілмен көрсеткен. Бұлай болмауы керек. Министрлікпен осы мəселеге қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеу дарынды баланың сағын сындырмай, оның жолын жаппауы керек. Бұл жүйені барынша «жұмсақ», барынша ыңғайлы еткізім келеді. Бұл жөнінде қосымша хабарлаймыз», - дейді Назарбаева.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1037199-nazarbaeva-ubt-nynh-ulken-psikhologiyal.html