RU

Ауылдасын өлтірген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сотталып кетті

Ауылдасын өлтірген дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне сот үкімі шықты. Ол 8 жылын жалпы режимдегі түзеу коллониясында өткізеді деп хабарлайды Керек-инфо.

Оқиға былтыр қазан айында болған. Ырғыз ауданының Нұра ауылында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі өзінің ауылдасын пышақтайды.

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, ауыл тұрғындары волейбол ойнаған. Сотталушы жігіт спорт залдың есігінің алдында тұрады. Өзімен бірге жанында әйелі болған. "Енді спорт залға сырттан адам кіргізбеу керек! Әйтпесе дұрыс ойын болмайды",-деп мұғалімнің әйелі бұйырады.

Бұны естіген ауылдастардың бірі: “Бұл Фархаттың жеке сатып алған спорт залы емес шығар?!”,- деп наразылық білдіреді. Әйелінің көзінше айтылған мұндай сөзге мұғалім төзбейді де, айтқан адамға қарай бет алады.

Алдымен мұғалім ауылдасының кеудесінен жұдырықпен ұрып жібереді. Екеуі төбелесе кетеді. Мұғалім қалтасынан асханалық пышақты суырып алады. Қарсыласының жамбас тұсына пышақты сұғып алады. Кейіннен жүрек тұсына соққы жасайды. Салдарынан ауылдасы сол жерде қайтыс болады.

Сот үкімі бойынша, сотталушы Қылмыстық кодекстің 99 бабының 1 бөлімімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1037213-auyldasyn-oltirgen-dene-shynyqtyru-pa.html