RU

Қалың қардан үйі "туннельге" айналған қарағандылық тұрғын шенеуніктерге сәлемдеме жолдады

Қары қалың түскен Қарағанды облысындағы Ұлытау ауылының тұрғыны ақ ұлпаның астында қалған баспанадағы тіршілігін көрсетті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қарағандылық тұрғын үйіне кіретін және қора-жайға жететін қар асты жолдарын таспаға түсіріп ғаламторға жариялаған. Қар астындағы тоннельдерді де ұқыпты үңгіген ол бұл тірлікке еті үйренген кейпін әзілмен жеткізе білген.

"Мына бағананың басындай боп тұр қар. Бүйтіп қарасаң, мынау біздің туннель. Ал енді туннельдің ішіне кірейік. Бүйтіп оңға қарай бұрылып қалсаң, анау үйдің есігі. Ол төбесі, бәрі қапталған. Сосын көмір қораға мына жаққа қарай кетеміз. Сосын мынау Сәбираның кір жаятын жібі. Желмен ұшып кетпесін деп қойған. Сосын көмір қораны бүйтіп қараймыз, жарық жанып тұр. Көмір бар екен ғой",  - деп әзілдеді тұрғын.

Биыл Қарағанды облысына түскен қардың көлемі жылдағыдан екі есе көп. Сондықтан осы өңірде ақ ұлпаның астында көміліп жатқан баспаналар жетерлік.

Осы күндері Қарағанды облысында қар жауып ақтүтек боран болатыны туралы ескерту айтылып, ондаған бағыттағы жолдар жабылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1037328-qalynh-qardan-uyi-tunnelge-aynalghan-q.html