RU

Қызылордалық 2-сынып оқушысы Назарбаевтан сыйлық алды

Қызылорда қаласындағы №112 мектептің 2-сынып оқушысы Айлина Кәрбозова Елбасының атынан сыйлық алды. Бұл туралы NUR.KZ интернет-порталына облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында ол  Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап хат жазған болатын. Онда ол бірлік пен ынтымағы жарасқан елде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтып, ашық аспан астында бақытты балалық шақ сыйлаған елбасыға алғысын жеткізген.

Айлина хатын: «Мені анам қалай жақсы көрсе, сіз де Астананы солай жақсы көресіз. Сіз мемлекетімізге адал қызмет көрсетесіз, сондықтан сізді әлем сыйлайды. Мен де өскенде халыққа пайдамды тигізгім келеді», - деп аяқтапты.

Хатты поштамен жібергеннен кейін бірнеше аптадан соң ҚР президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбековтің қолы қойылған жауап хат келеді.

Онда Айлинаға Назарбаев: "Сабақты үздік оқы, еңбекқор болып өс. Алдыңа қойған мақсатыңа табандылықпен жетіп, еліңе пайдалы азаматша бол", - деп тілек білдіргені жеткізілген.

Хатпен бірге президенттің өмірі мен еңбек жолы туралы жазылған «Біздің Президент» деректі повесі сыйлыққа берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1037688-qyzylordalyq-2-synyp-oqushysy-nazarbae.html