RU

Мақпал Жүнісова: Қайрат пен Жанар әндерін тыныш айтып жүре берсін

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мәжіліс сайлауына қатысып, депутат атанудан үмітті Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғаловаға қатысты пікірлерімен бөлісті.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Халықтың ерке қызы атанып кеткен Мақпал Жүнісованың ойынша, актер Нұрлан Әлімжанның қолынан бұл іс келуі мүмкін. Алайда, ол Қайрат пен Жанарға ән айтып жүре бергені дұрыс екенін айтты.

"Екі жас әнін айтып, тыныш жүрсін", - деген Мақпал Жүнісова өзінің мүлде депутат бола алмайтынын айтты.

"Мен сахнада ән айтуға жаралған адаммын. Депутат болу қолымнан келмейді. Сахнаға шықпасам басымның сақинасы ұстап қалады", - дейді әнші.

Бұдан бөлек, "МузАРТ" тобының әншісі Сәкен Майғазиев депутаттыққа қатысты өз пікірін білдірді. Танымал әнші өзінің депутат болуға дайын еместігін, оған әлі көп білім керектігін айтқан.

Нұрлан Еспанов болса, Қайрат саясатқа қазір емес, жасы келіп, сахнадан алыстай бастағанда барғаны дұрыс еді деп есептейді. "Орда" тобының әншісі Есболат Беделхан да Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалованың депутаттыққа таласуын құптамайтындар қатарында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1038499-maqpal-zhunisova-deputattyqqa-umitke.html