RU

Алматылық сылқым "Bentley" көлігін Swarovski тастарымен көмкеру үшін $140 мың жұмсады

Ағылшынның «Бентли» концерні жасап шығарған автомобильді Елизавета Ахриева үш жыл бұрын өз талғамымен әшекейлеген. Төрт дөңгелекті көлігін Swarovski тастарымен көмкеру үшін  сылқым келіншек 140 мың доллар жұмсапты.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Қытайдан келген мамандар бір жыл жүріп, кристалл тастарды машинаның сыртқы қабатына түгелдей жапсырып шығыпты. Елизаветаның айтуынша, эксклюзивті әшекейлер Швейцариядан әкелінген.

Люкс көліктерді жалға беруді кәсіп еткен әйел оның құнын бастапқыда 270 мың көк қағазға бағалаған. Алайда бүйірден қысқан дағдарыс уақытында сүліктей көлікті 150 мың долларға немесе 57 миллион теңгеге сатпақшы.

Егер сатып алушы табылмаса, көлік иесі Бентлидің бағасын тағы да түсірмек, немесе Лондон және соның айналасындағы жер учаскелеріне айырбастау ойы бар.

"Бірде Араб Әмірлігіне демалуға барған едік. Дубай қаласында өтіп жатқан «автошоу» көрмесін тамашаладық. Сол жерде кабриоле пішіндес көлікті жылтыр тастармен әшекейлегенін көріп, қатты аңсарым ауды. Елге келген соң өзімнің қара түсті  Bentley Flying Spur көлігімді асыл тастармен әшекейлеуді қолға алдым. Үш жылдан бері жүргізіп жүрмін. Сол тастардың бірде бірі ұшып кеткен жоқ. Дағдарыс уақытында қаржы тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан қимай-қимай сатуға бел буып отырмын", - дейді  көлік иесі Елизавета Ахриева.

Жақында ғана Елизавета сияқты алматылық Бибігүл Жүнісбекова да өзінің люкс-көлігін сатылымға шығарды. Ол Mercedes-Benz S500 маркалы көлігін миллионнан астам Swarovski тастармен көмкерген. Бизнес-седанның құнын иесі 118 мың долларға немесе 45 млн. теңгеге бағалап отыр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1038554-almatylyq-sylqym-bentley-koligin-swarovski-tastary.html