RU

Британия баспасөзі: Ресейді соғысуға итермелеп керегі жоқ

Ресейді құбыжық етіп көрсете беру Британияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Кент университетінің профессоры Ричард Саква осылай деді. Бұл туралы Guardian газетінің дерегіне сүйенген ras.kz хабарлады.

Аталған бұқаралық ақпарат құралында сондай-ақ Лондондағы король колледжінің докторы Анна Матвеева да осындай пікір білдірді. Арнайы баған авторлары Британия қоғамында Ресейдің әскери амбициясы туралы пікірталас қызуы көтеріліп келеді. Осының қарсаңында Би-би-Сидің екінші телеарнасында Ресеймен ядролық соғыс кезінде орыс әскерлерінің Латвияға басып кіргені жөнінде болжамды сценарий бойынша түсірілген фильм көрсетілді. Бірақ лента экранға шықпай тұрғанда-ақ бұған Ресей мен Латвия жағы мейлінше қатқыл түрде жауап қайтарды.

«Ресей туралы милитаристік және қауіпті терминдерді пайдалану арқылы бізді соғысқа итермелеудің қоғамдық дискурсы жүріп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтеміз. Бұл елді саяси және идеологиялық эскалация жасайтын қауіп-қатердің ошағы етіп көрсету оның тарапынан қарсы агрессиялық күшті күшейте түсетінін ұмытпауымыз керек», – деп жазады саясаткерлер.

Олардың пікірінше, төніп келе жатқан қауіп туралы әңгіменің өзі қате және қауіпті нәрсе, мұның орнына бүгінгі нақты ахуалды сыни тұрғыда әрі өте абайлап бағалау керек.

«Ресейді бұрышқа тыға отырып, біз оны қарсы жауап қатуға арандатып жіберіп, өзіміздің қауіпсіздігімізге нұқсан келтіріп аламыз. Ресейдің Саддам Хусейннен айырмашылығы, оның қолында жаппай қырып-жоятын қуатты қару бар», – деп есе сала кетеді авторлар бұдан әрі.

Олар сондай-ақ 25 жылда еуропалықтардың қауіпсіздіктің берік негізін қалай алмағанын да алға тартады.

«Украин дағдарысы конфронтацияның себебінен гөрі симптомына көбірек ұқсайды. Ал Мәскеудің қолайсыз әріптес болып шыққаны біздің бассыз әрекеттерімізді ақтап алуға ешбір себеп бола алмайды», – делінген мақалада.

Саясаткерлер Британияға Ресеймен арадағы онсыз да көп проблемаларды одан әрі тереңдете түспеуді, мұның орнына парасатты стратегияны дамытуды ұсынады.

«1914 жылы да соғысты қалағандар аз еді. Бірақ Еуропа кенет сүрініп кетті де, тұңғиыққа қарай құлады. Бүгінгі таңда бізге де тым кеш болмай тұрғанда, көзді дұрыстап ашып алу қажет-ақ», - деп жазады Guardian авторлары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1038862-britaniya-baspasozi-reseydinh-saddam-kh.html