RU

Кәрім Көкірекбаев: Отпен ойнап жүрсіздер

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өз ісіне салғырт қараған қызметкерлерді қатаң сынға алды деп жазады Корреспондент басылымы.

Облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі жіберген мәліметке сенсек, аймақта жылыту маусымы кезіндегі коммуналдық сала нысандарындағы орын алған төтенше жағдайларға қатысты жиын өткен. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзі төрағалық етіпті.

Жиында белгілі болғандай, жыл басында Талас ауданындағы Ақкөл ауылы мен Жамбыл ауданына қарасты Қаратау ауылындағы мектептерде қазандық жарылған. Абырой болғанда екі төтенше жағдай да түнгі уақытта орын алған. Нәтижесінде зардап шеккендер болмапты. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевтың айтуынша, аталмыш фактілер бойынша жылу қазандықтардың жай-күйіне тексеру жұмыстары жүргізілген. Бірақ, бұл жайт жергілікті әкімдіктің салғырттығынан орын алыпты.

«Техникалық талаптар сақталмаған, технологиялық үдеріске тиісті бақылау болмаған. Қазандық операторларының кәсіби дағдысы сәйкес келмейді. Жарылыс жұмыс орнында оператор жоқ кезде орын алған. Операторды мектеп директоры да, әкім де қадағаламаған», - деді басқарма басшысы.

Жиында қос ауданға қысқы маусымға дайындалу үшін облыс бюджетінен көп қаражат бөлінгені туралы айтылды. Сондай-ақ, тексеру барысында жекелеген аудандық білім беру мекемелерінде температуралық режимнің сақталмайтынын белгілі болды. Бұл жайттардан хабардар болған облыс әкімі қол астындағы қызметкерлеріне отпен ойнап жүргенін айтып, қатаң ескертті.

«Мұның барлығы - сіздердің тараптарыңыздан жөнді бақылаудың болмауынан. Отпен ойнап жүрсіздер. Неге мектепке бармайсыздар? Кезектен тыс тексеру неге жүргізбейсіздер? Шұғыл түрде барлық орын алған кемшіліктерді талқылап, кінәлілерді жазалаңдар», - деді аймақ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1039280-karim-kokirekbaev-otpen-oynap-zhursiz.html