RU

Алматыда миллиондаған қаржыға салынған су жаңа емхана қаңырап бос қалды

Алматыда миллиондаған қаржыға салынған су жаңа емхана қаңырап бос қалды. Өйткені оның сапасы сын көтермейді. Тіпті, ішіне жылу да жүргізілмеген деп хабарлайды КТК арнасы.

Қара суықта отырып шаршаған ақ халаттылар, 1 ай бұрын тар да болса жылы ғимараттарына көшіп барыпты. Бірақ мұндағы жағдай да мәз емес. Орынның тапшылығынан, дәрігерлер науқастарды дәлізде қабылдауға мәжбүр.

Ешқандай жағдай жасалмай жатып, ел игілігіне берілген емхана қыруар қаржыға салынса да, қазір қаңырап бос тұр. Құрылысының кемшіліктері шаш етектен. Әлден қабырғалары да жарылып жатыр. Жаңа емханада жылу да жоқ. Ақ халаттылар 2 жыл бойы дизель отынының көмегімен амалдап келген. Бірақ науқастарды қабылдауға қауқарсыз болғандықтан әрі сұйық отынға артық ақша бөлінбегендіктен 1 ай бұрын ескі ғимараттарына қайтып барыпты. Жанармайдың өзіне жылына 20 миллион теңге кетеді екен.

"Жылу жүйесі қамтамасыз болмаған себептен осы кіші ғимаратқа көшуімізге тура келді. Ол жақта квадратура өте үлкен. Санитарлық нормамен температура ұстауға бізге солярка жетіспейді", - дейді "Алатау" ауруханасының бас мейірбикесі Нәзира Мұңайтпасова.

Ал, 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған емханада қазір ине шаншар орын жоқ. Тіпті мұнда амалдың жоқтығынан қайтып оралған ақ халаттылардың кейбірі науқастың көптігі мен орынның жоқтығынан дәлізде жұмыс істеуде.

Емханаға келген өзге тұрғындардың да кезек күтуі қиындық туғызуда. Дәрігерге емін-еркін кіріп-шығуға да мүмкіндік жоқ. Алайда жаңа емханадағы қара суыққа шыдау да мүмкін емес.

"Біздің де жағдайымызға келмейді. Ол жақ суық. Біз қалай отырамыз суық кабинетте", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Мәдина Төлекова.

Үлкені де, кішісі де тізіліп отырған бұл жерде түрлі ауруды жұқтырып біттік деп те ашынады жұрт. Ал, сапасы сын көтермейтін емхананың құрылысына қазір прокуратура мен сейсмологтар араласқан. Олар мұнда күрделі жөндеу жұмыстарын жасату қажет деп отыр. Тек оның жүзеге асатын уақыты белгісіз. Ал емхана қызметкерлері көзге көрініп тұрған кем-кетіктерді жөндеп, наурыз айының ортасында қайта көшіп келеміз дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1039600-almatyda-milliondaghan-qarzhygha-salyn.html