RU

Америкалықтар Рио Олимпиадасына бармай қалуы мүмкін

АҚШ ұлттық олимпиялық комитеті өз елінің спорт федерацияларына Зика вирусын жұқтырып алу ықтималдылығынан денсаулық жағдайларына алаңдайтын спортшылар мен қызметкерлердің биылғы жазда Рио-де-Жанейро өтетін Олимпиялық ойындарға қатысудан бас тартуға құқықтары бар екенін мәлімдеді.

Бұл туралы «Вести.Ru» ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.

Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, бас тарту мүмкіндігі туралы ақпар қаңтар айының соңында Америка олимпиялық комитеті мен спорт федерациялары басшылары арасында өткен телефон конференциясы кезінде айтылған. Семсерлесу федерациясының президенті Дональд Энтони егер қауіптенетіндер болса, Бразилияға бармай, қалып қоюларына болатынын айтты.

2016 жылғы 27 қаңтарға қарай Зика вирусымен әлемнің 27 елінің зарарланғаны белгілі болды. Оның инфекциясы осы кезге дейін Оңтүстік Америка мен Азия-Тынық мұхит аймағындағы Барбадос, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Кабо-Верде, Колумбия, Эквадор, Сальвадор, Фиджи, Француз Гвианасы, Гваделупа, Гватемала, Гайана, Гаити, Гондурас, Мальдив аралдары, Мартиника, Мексика, Жаңа Каледония, Панама, Парагвай, Пуэрто-Рико, Сен-Мартен, Самоа, Соломон аралдары, Суринам мен Таиланд елдеріне тарап үлгерген.

Зика безгегі – маймылдар арасында пайда болған өте жұқпалы ауру. Кейде ол адамдарға маса арқылы да беріледі. Мұны жұқтырып алған науқастардың жазылуларына мүмкіндік бар. Алайда, мұндай сәттілік жұрттың бәріне тиесілі бола бермейді. Соның ішінде жүкті әйелдер үшін бұл кеселдің қаупі айрықша зор. Ол іштегі баланың миына ауыр залалдар әкеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1040172-amerikalyqtar-rio-olimpiadasyna-bar.html