RU

Павлодар облысында ұры 2 млн теңгенің алтынын ұрлаған

Павлодар облысы Ақсу қаласының 32 жастағы тұрғыны сауда үйінен екі миллион теңгені құрайтын алтын бұйымдарын ұрлап кеткен деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ешбір жерде жұмыс істемейтін әрі бұрын сотты болған азамат сөрені темір балғамен сындырып, бірнеше сақина мен сырға салынған қобдишаны тонаған.

"Ол құқық бұзушылықты жасар алдында сол бутикке келіп, ұрлайтын алтын бұйымын жоспарлаған. Сондай-ақ қылмыс жасаған соң дүкеннен қашу жолын да белгілеген. Дегенмен тәртіп сақшылары «ізін суытпай» күдіктіні ұстады. Ол бұл қылмысты ақшасы болмағандықтан жасағанын айтады. Қазіргі уақытта тонау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы, 1-бөліміне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған азамат Ақсу қаласының уақытша оқшаулағышына қамауға алынды, - деп жазылған хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1040504-pavlodar-oblysynda-sauda-uyinen-eki-m.html