RU

Еліміздегі қыз-келіншектердің мәжіліске деген қызығушылығы төмендеп кеткен

Мәжіліс сайлауынан үміткерлердің басым бөлігі ер-азаматтар. Төменгі палата депутаты болғысы келетіндердің тек 20 пайызы әйелдер екен. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы партия атынан кандидаттарды тіркеу науқанын қорытындылады деп хабарлайды КТК арнасы.

Сонымен, 6 партия өтініш беріп үлгерді. Орталық «Нұр Отан», «Ақ жол», «коммунистер» мен «Бірліктің» тізімін бекітіп те берген. Қазір тағы екі партияның үміткерлерін құқық қорғау орындары тексеріп жатыр.

Орталық сайлау комиссиясындағылардың көңіл-күйі бүгін ерекше  көтеріңкі. Барлығы мәжіліс сайлауына кандидаттарды тіркеу сәтті аяқталғанына қуанып жүр.

"Орталық сайлау комиссиясына өз тізімдерін алты партия тапсырды. Олар: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Қазақстан коммунистік халық партиясы», «Жалпыұлттық социал демократиялық партисы» және «Бірлік» саяси партиясы. Ендігі кезекте, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес 19-шы ақпанда саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеуді жалғастырады", - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық «Нұр Отан», «Ақ жол», «Коммунистер» мен «Бірліктің» кандидаттарына куәліктерін тапсырып үлгерген. Енді аты-жөні бекітілген үміткерлерге 20-шы ақпанда басталатын үгіт-насихат шараларына  дайындала беруге болады. Ал, кандидаттар арасындағы мемлекеттік қызметкерлер мен танымал азаматтарға келсек, олардың негізгі жұмыстарына шектеу болмайды.

"Партиялық тізімге енген азаматтар сайлауалды үгітке байланысты емес қызметтерін атқара береді. Үгітке байланысты шаруа – сайлауға келу, дауыс беру деген мәселлер. Ол үгіт болып есептеледі. Сондықтан, азаматтар, тізімге кірген азаматтар өзінің мемлекеттік қызметін өз жоспарына байланысты атқара береді. Бұның науқанға қатысы жоқ", - деді  Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова.

Дауыс берудің де өз тәртібі бар. Тұрғындар 4-ші наурызға дейін тұрғылықты мекен-жайына барып, сайлау учаскелеріне аты-жөндерін тіркеуі тиіс. Саяси науқанға ел азаматтары түгел, тіпті Ресейге жалға берілген Байқоңырдағы отындастарымыз да қатыса алады.

"Байқоңырда тұратын Қазақстанның азаматтары парламент сайлауында түгел дауыс береді. Бірақ, Байқоңырда қалалық мәслихат жоқ. Сондықтан, жұрт облыстық мәслихаттың  депутаттарын таңдауға құқылы", - деді  Орталық сайлау комиссиясы Владимир Фоос.

Бір қызығы биыл еліміздегі қыз-келіншектердің мәжіліске деген қызығушылығы төмен екен. Екі жүзден астам үміткердің 20 пайызы ғана нәзік жандылар.

Енді Орталық сайлау комиссиясында Мәжіліс сайлауынан үміткерлердің тізімін бекітудің екінші кезеңі басталады. Яғни, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура 19-шы ақпанға дейін тағы екі партияның кандидаттарын тексеріп шығуы тиіс. Ал, саяси сайысқа жолдама алған партиялар Мәжіліс мандатына ие болу үшін кем дегенда 7 пайыз дауыс жинауы тиіс. Айта кету керек, наурыздағы мәслихат пен мәжіліс сайлауының әділ өтуін бақылау үшін шетелдерден 436  адам келмек.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1041034-elimizdegi-qyz-kelinshekterdinh-mazhil.html