RU

Ауруханаға түсіп қалған Айнұр Тұрсынбаева дәрігерлердің салғырттығына сын тақты

Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева аяқ астынан ағзасы тітіркеніп, ауруханадан бір-ақ шыққанын әлеуметтік желіде жаза отырып, дәрігерлердің әрекетінен көңілі қалғанын жеткізді.

Тұрсынбаева жедел жәрдемнiң ауруы асқынып, бүкiл денесі iсiнiп бiткенде келгенiн айтып, мұздай көлiкпен ауруханаға алып барып, сырт киiмдi шешкiзiп, мұздай жерге (түк төсенiшсiз кушеткаға) жатқыза салғандығын тілге тиек етті.

"Қазiр келедi деген дәрiгер 1 сағаттан асқанда бiрақ келдi. Құдай үшiн жамылатын бiрдеме берiңiздершi, қалшылдап барамын деп жалынбаған адамым жоқ. Мен, жарайды, шыдадым ғой. Ал жандары шырқырап, әрең тұрған ауруларды дәлізде иiрiп қойып, дәрiгерлердiң сағызша созылып жүрiп алғандығын айтсаңызшы", - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Ақынның айтуынша, дәрігерлер "дәрі тамызу керек" деп күткiзiп қойып, науқастарды салулы тұрған төсекке жатқызбаған. Тұрсынбаева "тым болмаса мына әрең тұрған апайды жатқызсаңызшы" деген өтiнiшке "бас дәрігер рұқсат ету керек" деген қатқыл жауап алған.

"Бәрiбiр жатқызатыны белгiлi, "капельницаны" тұрғызып салмайтындығы анық едi ғой. Тастай суық жерде 90 минут жүрiп 20 минут капельница, 1 қағаз жазғызып алдым. 40-50 минут саламыз деген "капельницаны" 15 минут салып, палатаны босатыңыз деп қарап тұр. Әлсiреп қалдым, көлiк келгенше жата тұрайын дегенiме қарамай қуып шыға салды", - деп жалғастырды сөзін ақын.

"Қолдары тимей жатқан шығар дейтiн боларсыздар, ең қызығы көбiсi бос жүр! Айналып келiп "как ваша фамилия?" дей бередi. Негізiнде дәрiгер, медбике болу үшiн бiлiмнен де гөрi, мейiрiмдi жүрек керек пе деп қалдым. Жүрегiнде жылуы бар, жаны ашып тұратын мейiрiмдi адам ауруды дiрiлдетiп дәлізге тұрғызып қоймайтын едi ғой деп ойланып қайттым", - деді Тұрсынбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1041102-aurukhanagha-tusip-qalghan-aynur-tursyn.html