RU

Елімізде сүт безі обырына шалдыққан нәзік жандылар көбейіп барады

Сүт безі обыры жасарып жатыр. Елімізде қыз-келіншектер арасында осы дерт күннен-күнге белең алып барады деп дәрігерлер дабыл қағуда.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

 

Аурудың алғашқы сатыларында ешбір белгі болмайды. Сондықтан көбі білместікпен жүріп қалады екен. Бүгін алматылық маммологтар емханаға жоламайтын қыз-келіншектерді көшеге өздері іздеп шығып, тегін тексеруден өткізді.

Әдетте, қыз-келіншектер ауру белгі бермейінше өз қалауымен емханаға барып, қарала бермейді. Сүт безі обырының көбею себебі де содан. Дерт алғашқы сатыларында еш сезілмейді екен. Науқастар да обырдың пайда болғанын маммолог дәрігерлерге бармайынша білмей жүре береді.

"Емханаға күніне санаулы әйел ғана келеді. Олар көбіне бұл аурудан қорқып жатады. Обырдың бастапқы сатылары аса қауіпті емес екенін ұмытпаған жөн. Уақытылы тексеріліп, қажетті емін қабылдаса, тез арада айығып кетуге мүмкіндік бар", - дейді маммолог Данил Бородаев.

Ал бүгін ұйымдастырылған акция кезінде кезекке тұрғандар саны көп болды.1 сағаттың өзінде-ақ 30 әйел онколог дәрігерлердің тексеруінен өтіп, төртеуінен сүт бездерінің қатаюы байқалған. Яғни, бұл обырдың басты белгілерінің бірі. Енді, мамандар оларды бақылап, қажетті емін жасамақ. Тегін тексерістен өткендер де бүгінгі шараға ризашылықтарын білдіруде.

"Тегін болғасын адамдардың қаралғысы келеді ғой. Көп жағдайда адамдардың барып қаралуға уақыт таппайды, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан бұған біз ризамыз", - дейді  Алматы қаласының тұрғыны Әйкен Әмірбекова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 1 миллион 250 мың адам кеуде рагы дертіне шалдығады екен. Ал, былтыр еліміздегі бір емхананың өзінде скринингтен өткен 1600 әйелдің 150-ге жуығынан кеуденің созылмалы ауруы, 5 адамнан обыр дерті анықталыпты. Ал биыл жыл басынан бері 1 емхананың өзінен кеуде рагына шалдыққан 3 науқас тіркелген.

"Сүт безі обыры қазіргі кезде өте жасарды.Сондықтан, әрбір әйелге әрі қарай бақытты өмір сүру үшін жылына 1 рет өту керек", - дейді

№9 қалалық емхананың мейірбикесі Бақыт Құмарбекова.

Сондықтан дәрігерлер барша нәзік жандарды ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге шақырады.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1041212-elimizde-sut-bezi-obyryna-shaldyqqan-n.html