RU

Елімізде дағдарысқа байланысты жұмыссыз қалғандардың қатары көбейіп келеді

Елімізде дағдарысқа байланысты жұмыссыз қалғандардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен, бір ғана Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығы, қазіргі қысқартуға қарамастан  аптасына мыңға жуық бос орынға адам іздейтіндігін айтып отыр.

Ал мұндай орталықтар еліміздің барлық облысында бар деп хабарлайды 31 арна.

Сонымен,  қызмет таппай қол қусырып отырғандар бұл орталыққа келу үшін қандай  құжат өткізуі керек. Мемлекет өзі қаржыландыратын қандай тегін оқудың түрлері бар?

Еламан Ордабаевтың  мамандығы - бухгалтер. Колледж бітіре салысымен ол қалаған қызметіне тұра алмай, Жұмыспен қамту орталығына келеді. Тоқ жалғап, сым тетіктерін жөндеуден хабары бар жас жігіт электрик болып уақытша жұмысқа тұрған. Тіпті арнайы даярлау курсынан тегін өтіп, біліктілігін де арттырып алыпты. Қазір тұрақты түрде 80 мың теңге көлемінде жалақы алады. Қол қусырып отырғаннан гөрі осы жерде еңбек еткенім жақсы дейді ол.

"Достарым, құрдастарымның көбісі жұмыссыз жүр. Барлығы өздерінің кәсіптерін ашқысы келеді. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалып жатады. Мен алғаш бұл жұмысқа ораналасырымда талай сынақтан өттім. Ақыры бас электрик менін жасаған жұмысымды жоғары бағалап, осы қызметке лайықты екенімді айтты", - дейді Еламан Ордабаев.

Орталық былтыр 11 345 адамды тұрақты қызметке орналастырыпты. Ал, күніне мұнда мыңға жуық адам келіп өзінің өтініштерін қалдырып кетеді. Қазір медицина саласында, дәнекерлеуші, электрик, мұғалім, тіпті басшылық қызметте жұмыс істегісі келетіндерге бос орын жетерлік дейді мамандар.

"Бізде апта сайын вакансиялар жаңарып отырады. Шамамен бір жетіде мыңға жуық жаңа жұмыс орындары шығады. Атап айтсақ бас директор және оның міндетін атқарушылар, директор орынбасарлары, сантехниктер қажет. Жалақы көлемі атқарылатын қызметке байланысты. Ең төменгі айлық 50 мың теңге болса, ең жоғарғы жалақы 200 мың теңге", - дейді  Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Ахметжан Күнтаев.

Қазір жұмыссыз жүргендер өзіне қажет қызметті газеттерден және интернет сайттардан іздей алады. Ал арнайы мамандығы жоқ адамдар, болмаса қолында дипломы болып, бірақ жұмыс таппағандар  республика бюджетінен бөлінетін қаражатпен тегін оқи алады. Ол үшін арнайы гранттар бөлінеді. Мамандар осы ретте біліктіліктерін арттырып жұмысқа тұрғысы келетіндердің құжаттарын қабылдайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1042278-elimizde-daghdarysqa-baylanysty-zhumy.html