RU

Рудный әкімі: Аллада дағдарыс жоқ, ол адамдарда ғана бар

Қостанай облысы Рудный қаласының әкімі тұрғындармен кездесуінде қысқа есеп беріп, сұрақтарға жауап берді деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Наш Костанай" басылымына сілтеме жасап.

Кездесуде Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов те болды. Рудный әкімі Бақытжан Гаязов көбіне жақсы жақтарды айтуға тырысты. Ал даулы сұрақтарға жауап берерде, мәселелерді шешуге уәде етті.

Рудныйда 2015 жылы 29 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. 9 жоба іске асырылып, 45 ішкі қалалық жобаға ден қойылды. Рудный-Качар-Федоровка газ құбырының құрылысы аяқталды. Әкімнің есебін тыңдасаңыз, қалада жұмыссыздық мүлдем жоқ, тіркелгендер саны 175 адам ғана. 150 лифтінің 132-сі жөнделіп үлгерген.

20 минуттың ішінде есебін бітірген қала басшысына жиналғандар сұрақтарын жаудырды. Соның ішінде жолдар мәселесін сұрағандар көп болды.

"Мен Рудныйға келгенде, тұрғындардың екі мәселесі тұрды — жылу және жолдар. Біз бұл мәселелерді толықтай шештік деуге болады. Мен Рудныйдың көшелерін бес саусағымдай білемін. Әрине бюджеттен қысылсақ та, біз көшелерді жөндеуді жалғастырамыз", - дейді Гаязов.

Тұрғындардың бірінің әлеуметтік бағдарламаларда қысқартулар бола ма деген сауалына Рудный басшысы "Аллада дағдарыс жоқ, алайда ол адамдарда бар, барлығы өзімізге байланысты" деген мәлімдеме жасады. Әкім барлық бағдарламалар өткен жылдың деңгейін сақтап қалады деп уәде етті.

Гаязов журналистердің қала басшысы қанша алады деген сауалына да жауап берді.

"Жалақым қанша екені нақты есімде жоқ. 345 000 теңге болуы керек", - деді Гаязов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1042320-rudnyy-akimi-allada-daghdarys-zhoq-ol-te.html