RU

Нұртас Адамбай "Келинка Сабина" үшін бірқатар құрбандыққа барғанын айтты

Нұртас Адамбай "Келинка Сабина" кейіпкерін сомдау кезінде біраз қиындықтарға тап болғанын әңгімеледі. Әсіресе биік өкшелі аяқ-киімге үйрене алмаған әртіс әбден әбігерге түскен, деп жазады Time.kz.

Нұртас адамбай әйел образына ену үшін күрделі грим пайдаланып, озық технологияның әдістеріне де сүйенбеген екен. Актер Сәбина келіннің кейпі шынайы шығу үшін қарапайым "бюстгальтер" мен халаттарды ғана пайдаланып, басына орамал таққан.

"Орамал мен халаттардың ішінде өзіме қатты ұнайтындары бар. Мәселен, көгілдір түсті халат кадрды жақсы ашады. Бірде, қарт әйелдің дәл сондай халат киіп алғанын көріп, іштей қызғанып, "жас қыздардың халатын киіп алғаны несі?" деп ойланып қалдым", - дейді Нұртас Адамбай.

Әңгіме барысында актер кинода қанша талпынса да, биік өкшелі аяқ киіммен жүруге бойы үйренбегенін сөз етті. Тіпті "келіншек" Нұртас кадрде білініп тұратын қампайған қарнын да кетіре алмаған. Арнайы диетаға отырса да, ұзақ түсірілімнен соң, әртіс дәмді тамақтан бас тарта алмапты.

Алайда, қыздың рөліне ену үшін бірқатар құрбандыққа барған актер аяғының түгін қырғанда, көзінен жас шығып кеткенін жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1042600-nurtas-adambay-qyzdynh-rolin-oynau-ushi.html