Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда қыздың қалың малы қанша тұрады?

Опубликовано:

Халық арасында «Бай мен бай құда болса, жорға жүреді. Кедеймен кедей құда болса, дорба жүреді» деген сөз бар. NUR.KZ интернет-порталы қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде қыздар үшін сұралатын қалың мал көлемін біліп көрді.

Қалың мал – ұзатылған қыздың туыстарына жігіттің жұрты жасайтын сыйболғанымен, оны әр қалада өзгеше атайды. Бірі «Қыз кәдесі» десе, енді бірі «Ана сүті», «Әке күші» деп бағалап, шама-шарқылары келгенше су жаңа құдаларға өз құрметін көрсетеді.

Еліміздегі ең қымбат қалың малдың қайда екенін білу үшін әр ауылдың «Бас құдағиы» атанған, қыз ұзатып, келін түсірген сыйлы әжейлердің сөзіне жүгіндік.

Атырауда«Ана сүті» кәдесінің құны 1000 доллар

Атырау облысының халқы қызға қалың малды ашық сұрамайды. Бірақ құда-жекжатпен ара-қатынасты нығайтып, дәстүрді дәріптеу үшін мұнайлы өңірдің жұрты қомақты сыйлықтар жасайды.

«Үш келін алып, үш қызды ұзаттым. Барлығы өңіріміздегі әдет-ғұрыппен шаңырақ құрды. Келін болып босағаңды аттаған қызға қалың мал өтеу деген түсінік бізде жоқ. Ертеде болған. Аталарымыз қалың малды ірі қарамен өтеді. Оқымаған білімі аздау қызға шамалы береді. Дипломы, жұмысы бар болса, қыздың қалың малы да қымбаттай түскен екен кезінде. Бірақ біздің Атырауда мұндай салт жоқ», - дейді Мәрия әжей.

«Құда түскеннен кейін, той күні белгілі болған кезде келіннің үйіне «той малы» деп 1 бас ірі қара апарамыз. Ал, мал ұстамайтындар кемі 100 мың теңге ақша береді. Бұл тойға дейінгі алыс-беріс. Содан кейін «Ана сүтінің» өтеу ақысы деп 1000 доллар беріледі және «киттесу» деген бар. Қыздың ауылынан тізім келеді. Ол кемі 15 отбасы. Әр үйдегі ерлі-зайыптыларға бөлек-бөлек құрмет көрсетіледі. Бұрын киім-кишек берілетін. Қазір бұл сыйлықтар тұрмыстың техникаға ауысып жатыр. Әрбір отбасыға бір данадан бағалы техника апарып береміз. Енді құдалар бір-біріне қонаққа барған сайын ақшалай сый жасайды. Барлығы доллармен есептеледі. Енді «Балауыз» құда деген бар. Онда құданың барлық бауырларына бір-бір қойдан атаймыз немесе әр шаңырақ иесіне кілем береміз. Бұл қыздың ауылының мойнында, оның тума-туысқа берген «ілуі» саналады. Осы кәделерді өтеп, жаңа туыспен араңды түзеп, қарым-қатынас жақсаратын секілді. Қыз алған кезде де, қыз берген кезде де шығынға батасың. Себебі қыздың дүниесі болады. Енді оған алмайтын затың жоқ. Кейде осындай кәдені, шығынды ойлаған қыздар қашып кетіп жатады. Алып қашу дәстүрімен үйленгеннің өзінде кәде сый жойылмайды. Тек жеңілдейді. Қазір дағдарыс деп жатыр. Бірақ адамдар ұятқа қалмас үшін, қарыз алса да, жоғарыда айтылған кәделерді өтеп жатады», - дейді Мария Хозбақова.

Ақтөбеде қыз тегін бе?

Ақтөбе халқы үшін «қалың мал» деген түсінік мүлдем жоқ. Жергілікті жұрт үшін қыздың кәдесін өтеу емес, екі жастың тойын дүркіретіп өткізу маңыздырақ. Сондықтан да «шашылсаң тойға шашыл» деген сөзді ұрандай көретін олар, отбасылық мерекеде мейлінше шығынға батады.

«Ақтөбеде қалың мал жоқ. Біздің қыздар үшін жаңа шаңырақта бақытты болуы басты мәселе. Құдалар өзара келісіп, шамалары келгенше бір-біріне сый жасайды. Басты кәде, қомақты сый «Ана сүті» деп аталады. Байлар, бір-біріне миллион теңгенің  сыйлығын ұсынса, тіпті 100 мың теңгені тауып бере алмай жататын құдалар да бар. Сонымен қатар қыздың әжесі, шешесі, жеңгесіне беретін 2-3 сақина, сырға болады. Бір-екі жағалы киім қосып, шүберектерден кит жасайды», - дейді Ақтөбелік тұрғын Бақыт Жанпейісова. Жетпіске келген кейуана өз қыздарын ұзатқанда да ешқашан қалың мал сұрамағанын айтады.

Семей өңірі үшін де «қалың мал» сөзі жат ұғым

5 қыз ұзатып, 2 келін түсірген Күлімхан әжей Семей өңірінде қызға қалың мал сұрамайды дегенді алға тартады.

«Бізде ең қымбат кәделер ол «Ана сүті», «Әке күші» деп аталады. Осы екеуін қосып, жігіттің туыстары 1 жылқыға кілем жауып әкеледі. Егер, отбасы мал өсірмейтін болса, жылқының құнындай қаржы, яғни 100 мың теңгеден жоғары ақша береді. Ұзатылатын қызға бірінші «Сырға салады» яғни, болашақ келіндерінің құлағына алтын сырға тағып, көршілеріңнің үйіне 1 қой сойып, етін асып, 20 адамға дастархан жаяды. Бұл дәстүрді «қыздың өлі-тірілісі» дейді. Сонымен қатар, туыстары мен ауылдастары үшін 20 метр бағалы мата әкеледі. Енді бұл шығын ары кетсе 100 мың теңгеге барар», - дейді қария. Семей өңірі үшін қызға арапатын кәделердің көлемі екі жақ құдалармен алдын ала келісіледі. Кейбірі «дәстүрді аттап кетпеу керек» деп, азын-аулақ сый жасайды. Ал, кейбір құдалар артық шығын шығармай жас шаңыраққа береді екен.

Алматы облысында қыздардың қалың малының құны біліміне байланысты

«Қазір ауыл болсын, қала болсын қыздардың біліміне, бітірген жоғары оқу орнына қарап төленеді. Егер жақсы университет бітірген қыз болса оған қалың мал ретінде -300-500 мың теңге, 1 жылқыға кілем жауып әкеледі. Онымен қоса болашақ келіннің әйел туыстарына 9 алтын, 9 күміс тарту етіп, ал ер азаматтарға 9 жағалы киіт беріледі. Ал, «өлі-тірісі» деген кәде үшін қосымша 25 мың теңге және бір қоржын тәтті, той бастар, жыртыс әкеледі», -дейді 4 қыз ұзатқан Орынгүл апа.

Білімі жоқ қыздардың қалың малы, дипломды бойжеткенге қарағанда әлде қайда төмен.

«Егер қыздың жоғары білімі болмаса қалың малы да аз болады. Сондықтан да Алматы облысында ата-аналар шамалары жеткенінше, ақылы болсын қыздарын оқытып жатады. Мәселен, колледж бітірмеген бойжеткен үшін қалыңмал құны ары кетсе 200 мың теңге, ірі қарағаға сиыр немесе 100 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, алтын мен күмісті араластырып 9 әшекей сыйланады, ал ер азаматтарға арналған жағалы киітте сәл аздау болады».

Шымкентте қалың малдың құны 500-800 мың теңге аралығында

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының тұрғыны 48 жастағы Жанар Елшібекованың айтуынша, бүгінде елдің оңтүстік өңірінде қалың малдың орташа бағасы 500 мың теңге көлемінде екен. Бірақ, қатып қалған баға жоқ. Әркім көрпесіне қарай көсіледі. Кейде 700-800 мыңға дейін қалың мал беріп жататындары бар.

«Қазақта сөз бар ғой, «теңін тапса, қызды тегін бер» деген. Өте орынды айтылған. Бірақ, дегенмен қалың мал төлеу біздің ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз. Десе де, қазақта «қыздың малын қынға сүрт» дейді. Сол берілген қаржының екі есесіндей жасау апарамыз. Шыны керек, бүгінде қыз бергеннен гөрі қыз алған ұтымды. «Қыз өссе–өрісің» дейді емес пе? Ол ұрпақты көбейтуші. Екіншіден, қыздың ата-анасы артынан бүкіл жиған-тергенін апарып, келін түсірген жақта кәдімгідей дүние жиналып қалады. Тағы бір айта кетерлігі, дәл қазіргі таңда қызының оқып, жоғары білім алғанын міндетсініп, қалың мал құнын ашық көбейтіп отыратын ата-аналар да бар. Оқытса, өзі үшін оқытты. Олай шірену дұрыс емес дер едім. Өз басым екі қыз бердім. Екеуінде де бергенін алдым. Аз немесе көп әкелдің дегенім жоқ. Бастысы, жастардың бақытты болып кетуі ғой, - дейді Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1043073-qazaqstanda-qyzdynh-qalynh-maly-qansha-t/

pixel