RU

Түркістан қаласының әкімі мейрамхана салудан жарысатын бизнесмендерге ақылын айтты

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев мейрамхана салудан жарысып жүрген кәсіпкерлерді сынға алып, өз ақылын айтты деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Қала әкімі 2015 жылы атқарылған жұмыстары туралы жергілікті халықтармен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісіп жүр. Шаһар басшысы кезекті бір есепті кездесуінде Түркістанда жылыжай аумағының көлемі 38,5 гектарды құрағанын айтып, оның басым көпшілігі аула алдындағы жылыжайлар екенін алға тарттты.

«Осындай аула алдындағы кәсібімен тіршілік жасап, табыс тауып жүрген шаруалар көпшіліктің қысқы мезгілдегі көкөніске деген сұранысын осылайша өтеп отырған жайы бар», - деген әкім облыс тарапынан берілген тапсырманың 118,3 пайызға асыра орындалғанын, бірақ бұл Түркістан үшін ауыз толтырып айтарлықтай жетістік еместігін ескертті.

«Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша жылыжай өнімінің ішінде 1250 тонна қияр, 810 тонна қызанақ  алынды. Бұл өңірімізге қажетті қиярдың 76 пайызын, қызанақтың 36 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Жетіспейтін жылыжай өнімі 2646,2 тонна. Қалған қажеттіліктің барлығын біз сырттан тасымалдаймыз» - деді Өсербаев.

Сондай-ақ, Түркістанның әкімі мейрамхана салудан жарысқа түсіп жатқан кәсіпкерлерге алдағы уақытта табыстың кілті ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында жатқандығын жеткізді. Тіпті кеңесін беріп қанай қоймай, дәл осы саланы кәсіп етемін деушілерге барынша қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін де жасырып қалмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1043075-turkistan-qalasynynh-akimi-meyramkhan.html