RU

Шымкентте ірі жол апаты болды (фото)

10 ақпаннан 11-не қараған түні Шымкентте кезекті жол апаты тіркелді. Келеңсіз жағдай Қонаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысында болған деп хабарлайды Отырар арнасы.

Белгілі болғандай Опель және Мерседес көліктері соғысып қалған. Куәлердің айтуынша, Опель Қонаев даңғылымен келе жатып, қиылыстан бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан. Осы уақытта даңғылдың бойымен қарсы беттен келген Мерседес Желтоқсан көшесіне бұрылып кетпек болыпты.

Соның салдарынан екі көлік қиылыстың қақа ортасында соғысып қалды. Жол апатының кесірінен Мерседес көлігінің жүргізушісіне жедел жәрдем дәрігерлерінің көмегі қажет болды. Ал Опельдің жүргізушісі мен жолаушыларды қауіпсіздік жастығы ауыр жарақаттан сақтап қалған.

Жарақат алған Мерседес жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Қазір полицейлер жол апатының себеп-салдарын тексеріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1043215-shymkentte-iri-zhol-apaty-boldy-foto.html