RU

Алматыда жалақы алмаған құрылысшылар өздері салған үйге кіріп алды

Алматыда бір топ құрылысшы бұрынғы бастықтарын іздеп сабылып жүр. Мемлекеттік бағдарламамен үй салған компания өкілдері оларды жылдар бойы жұмысқа жегіп, жалақы төлемей кетіпті деп хабарлайды КТК арнасы.

Маңдай тері текке төгілгендер ақыры басқа амал таппай, өздері салған үйге кіріп алған. Енді айлық толық төленбей, пәтерлерді босатпаймыз деп бекініп отыр.

Бауыржан – жер сипап қалған құрылысшылардың бірі. Үйдің қабырғасын көтерген ол краншыдан басқыншыға айналған. Бастығы жалақысын алып қашқан соң баспаналардың біріне кіріп алыпты.

"Әкім орынбасары Ильин 275 млн теңгені ТОО Тату-Г-ның есеп-шоттарына әлдеқашан құйып тастағанбыз дейді. Ал есеп-шоттарды тексерсек ақша жоқ", - дейді Бауыржан Түрікменбаев.

Сөйтіп, үйді салғандардың ешқайсысына айлық берілмепті. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы болған соң жұмысшылар да сеніп жүре берген. Енді 7 жылдан бері алмаған жалақысын даулап жаңа үйде тұрып жатыр.

Құрылысы 2011 жылы аяқталған үй әлі пайдалануға берілмеген. Құрылысшылардың жылдар бойы жалақы алмағаны да сол кезде анықталыпты. Мердігер сотқа тартылғанымен, іс түлкібұлаңға салынып кеткен. Ақыр аяғы мемлекеттік бағдарламаға араласқан компания өкілдері  ізім-қайым жоғалып, ал оларға тендерді тапсырған әкімдіктегілер керісінше етегі жасқа толған жұмысшыларға шүйлігіп жатыр екен.

Құрылыс басындағы бұл былықты әкімдіктегілер растады. Айтуларынша, компания мүлкі бұғатталып, ал мердігердің өзіне іздеу жарияланған екен. Тек төрт жылдан бері қашып жүрген бастық табылған күннің өзінде құрылысшыларға келіп-кетер пайда болмай тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1043368-almatyda-zheti-zhyldan-beri-zhalaqy-alma.html