RU

Аяғымен садақ атып, нысанаға дәл тигізген студент төрешілерді таңғалдырды

Омбылық 19 жасар студент бойжеткен Анна Белыш 4 метр қашықтықтан садақ атып, нысанаға дәл тигізіп, өзіндік рекорд жасады. Бұл туралы «Рен ТВ» телеарнасының ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.

Студент қыздың бұл көрсеткішін Ресей рекордтар кітабының бас редауторы Станислав Каноненко тіркеуге алды. Жалғандық орын алмауы үшін садақпен ату барысы екі жақтан екі камерамен түсірілді. Ал қыздың нысананы мейлінше дәл көздеуі үшін оған бес рет ату мүмкіндігі берілді.

«Жебенің нысан ортасынан ауытқуының орташа қашықтығы 5 сантиметр 28 миллиметр болды. Бірақ ортаға ең жақын келуі 2 сантиметр және 2,8 сантиметрге тең шықты. Бұл – ғажайып нәтиже! Тәжірибелі деген мергеннің өзі бұл көрсеткішті қайталай алмайды. Тіпті екі қолымен атса да! Әлбетте, видеожазбадан бөлек, нысанның өзі айғақ ретінде сақталады», – деді Станислав Кононенко LifeNews басылымына берген сұхбатында.

Шыны керек, Анна Белыш үшін бұл бірінші рекорд емес екен. Қыз бала кезінде үш рет Гиннестің рекордтар кітабына кіріпті. Ол 10 жасында жерден қолымен 52 минутта 1500 рет көтерілген, 13 жасында жалпы салмағы 2,5 тонна болатын 2 жеңіл автомобильді сүйреген, 14 жасында грелканы жарылып кеткенге дейін қыздыра білген.

Аннаның өз айтуына қарағанда, ол енді бір мезгілде аяғымен садақ атып әрі грелканы қыздырып, тағы бір рекорд жасауға ниеттеніп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1043675-ayaghymen-sadaq-atyp-rekord-zhanhartqan-o.html