RU

Қызылорда облысындағы ауыл қыздарды бұрынғы дәстүр бойынша тәрбиелеуде

Қызылорда облысында қыздарын бұрынғы дәстүр бойынша тәрбиелейтін ауыл бар. Бұл туралы Намыс порталы жазады.

"Жақында Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Еңбек (Аққошқар) ауылына барғаным бар еді. Ол ауыл басқа ауылдан өзгерек екен. Ауыл біткен батыр ана. Алды 18 құрсақ көтерген. Олар әлі күнге бір-бірінің атын атамайды. Тіпті, дастарханға отырғанда жолы үлкендерді жоғары шығарып, құрмет-ізет көрсетіп жатады. Ол өз алдына, бұл ауылда “Қыз он үшке толғанда” деген халқымыздың керемет дәстүріне куә болдым. Қызық. Бұрын-соңды ол дәстүрді еліміздің басқа аймағынан естімеп едім. Апаларымыз инабатты, ибалы, иманды қыз тәрбиелеуде барша қазаққа үлгі деп ойлаймын", - деп жазады мақала авторы Бекарыс Нұриман.

Сонымен, «Қыз он үшке толғанда» қандай дәстүр? Қазір қалай орындалып жүр? Аталмыш дәстүр туралы осы ауылдың тұрғыны Қантай Итенова баяндап берді.

Мұнда тек әйел затына қатысты әңгіме қозғалатындықтан әйелдер ғана қатысады екен. Мұнда бойжеткен қыз балаға жеке бас тазалығына қатысты және қонақ күтуге байланысты әдептер, ер адамды сыйлаудың сонымен бірге баланы бесікке бөлеудің қыр-сыры үйретіледі.

Дәстүр бойынша қызы он үш жас шамасына толған кезде анасы ауылдың ақ жаулықты аналары мен ақылгөй әжелерін шақырып, дастархан жайып, қызының бой жеткенін айтады. Бұл бір жағынан құда болам дейтіндердің құлағына алтын сырға дегенді меңзейді. Сол кезде жеңгелері қайынбикесін ортаға алып, түрлі әшекей бұйымдардан (жүзік, сырға, белдік т.б) сыйлықтар ұсынады.

Сыйлық беру – жеңгелері мен қайынсіңілісінің арасын жақындастырса, екінші жағынан тәрбиелік маңызы бар. Әуелі белдік тағып жатып жеңгесі: «Еркем, тал шыбықтай бұралып өссін деп беліңе белдік тақтым» десе, екінші жеңгесі: «Еркем, он саусағыңнан өнер тамған шебер, ісмер бол деп қолыңа жүзік тақтым» дейді.

Тағы бір жеңгесі: «Еркем, биязы, салмақты бол деп құлағыңа сырға, бұрымыңа шашбау, шолпы тақтым» дейді. Бұл жоралғылардың болашақ ананың тәрбиесіне тигізер әсері мол. Мысалы белдік тым толысып кетпей, сымбатты өсуін ескертсе, жүзікті келістіріп тағуының өзі оның сәндік талғамынан хабар беред. Ал, шашбау, шолпы тағып жүру қызды салмақтылыққа, әдептілікке тәрбиелейді. Қыз баланың бұрымына таққан шолпысының үні оның байыпты қозғалысынан, байсалды мінез-құлқынан хабар беретін болған.

Дәстүр барысында жайылған дастархан басында жас келіндер бойжеткен қызға қонаққа ас ұсынып, қызмет көрсетудің үлгісін (келген кісіге жылы қабақ таныту, сусынды төкпей-шашпай сапыра білу, оны мейманға қос қолымен ұсыну, ыдыс-аяқты сылдырлатпау және т.б) жан-жақты түсіндіреді. Қонақ күтуге байланысты дастархан басындағы әдептер айтылып болғаннан кейін әдеттегідей жасы үлкен ел анасы өмірлік тәжірибесінен өнегелі сөз айтып, ақ тілегін ақтарады.

Одан соң ортаға бесік әкелініп, оның жабдықтарын салу мен нәрестені бөлеу үйретіледі. Қазақ мақалында «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп айтылған. Қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз бір шаңырақта желкілдеп, бой түзеп өскен бір қыздың болашақта ұлттық құндылықтарды бойына толық сіңіруіне тұтас бір ауыл болып атсалысқан. Өйткені, «қызды қыз бұзады» деп түсінген аналарымыз «қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол» деп мақалдаған. Сондай-ақ, «қызға қырық үйден тиым» салып оны ауыл болып тәрбиелеген.

Бұл ауылда дәл қазіргі кезде осы дәстүр орындалады. Ертедегідей сәукеле кигізіліп, шашбау-шолпы тағылмаса да, жеңгелерінің қазіргі заманға сай сый-сияпаты жасалады. Сондай-ақ, қыз баланы болашақ ана болуға тәрбиелеу үшін өсиет-өнеге айтылып, бесікке бөлеудің қыр-сыры үйретіліп жүр. Дәстүр бойынша тәлім беруге бүтіндей ауыл аналарының атсалысуы да ерекше сақталған.

Бұл дәстүріміздегі «он үш жас» – белгілі бір межені білдірсе керек, яғни, қыз баланың физиологиялық толысып, сана-сезімінің өсіп-жетілуі. Осы сәттен бастап маңайы одан салмақты, биязы, әдепті, иманды, инбатты болуын күтеді.

Осындай кезде оның жанашыр, жақындары жанынан табылып, ақыл-кеңесін айтуды өздеріне міндет санайды екен. Өмірде көрген талай істерден тәжірибе жинаған асыл аналар құлпынайдай құлпырған қыздарының болашағы үшін қарап отырмай, осылайша қам жасайды екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1044270-qyzylorda-oblysyndaghy-auyl-qyzdardy.html