RU

Ақтөбе облысында жоғалған бала талдың басынан табылды

Қобда ауданының Жарсай ауылында жоғалған бала талдың басында отырған жерінен табылды. Абырой болғанда бала дін аман.

Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап Керек-инфо хабарлайды.

Оқиға 9 ақпан күні болған. Қобда аудандық ТЖБ сағат 20:00-де 2005 жылы туған баланың жоғалып кеткені жайлы хабар түседі. Баланы іздеуге құтқарушылардан екі адам, 30 полиция мен ауыл тұрғындарынан елу адам жұмылдырылған.

Жарсай ауылының әкімі Роза Байгелдинованың айтуынша, бала – 4 сынып оқушысы. Екінші ауысымда оқиды. Мектептен келгесін, сөмкесін үйіне тастап, шығып кеткен. Ата-анасы оның үйге кіргенін байқамай қалған. Кеш қарайғасын, баласын іздестіре бастайды. Құтқарушыларға хабар береді.

"Үш сағат іздедік. Есімін де айтып, айғайладық. Сағат 23:05-те табылды. Үйінің қасында тұрған талдың басына мініп кеткен. Қазір психолог жұмыс жасап жатыр", - дейді ауыл әкімі Рози Байгелдинова.

ТЖД баспасөз қызметі де баланың талдың басында отырған жерінен табылғанын растады. Өзі “иттен қорқып мініп кетіп едім, содан түсе алмадым” деп жауап берген.

Жарсай ауылы Қобда ауданына 27 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір мұнда 148 үй түтін түтетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1044295-aqtobe-oblysynda-zhoghalghan-bala-taldy.html