RU

Ақтөбеліктер жұма намазынан кейін қайырымдылық жасауға асықты (фото)

Әр жұма сайын «Нұр Ғасыр» мешітінің алдында мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық шарасы өткізіліп тұратын болды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде алғаш ұйымдастырылған қайырымдылық шарасын бас имамның өзі қолға алған. «Ақтөбенің аялы алақаны» акциясы жұма сайын барлық мешіт жанынан өз жұмысын жалғастыратын болады.

«Мешіттен көмек сұрап келетін адамдар көп. Оның арасында расымен мұқтаж адамдарды іріктеп, дәрігерлердің қағазымен жұма сайын акция ұйымдастыратын боламыз. Акция бүгін алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Мешітке келетін белсенді жастар үйден тамақ пісіріп әкеліп, қолдан түрлі заттар тігіп, жәрмеңке ұйымдастырып жатыр. Одан түскен қаржыны емделушіге беретін боламыз», - дейді «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Жұма намаздан шыққан халық шараға атсалысып жатыр. Шағын жәрмеңке жанында көмекке мұқтаж он төрт жастағы бірінші топ мүгедегі Шынболат Исағалиевтің өзі отыр. Жүрегі езілген әр мұсылман оны: «Алла саған шипа берсін! Ауырма, бауырым!», - деп құшағына алуда.

«Балам туа бітті сал ауруына шалдыққан. Оның жүре алмайтынын бір жарым жасынан бастап біліп емхана жағаладық. Бірнеше оңалту орталықтарында ем алынды. Бала аяғынан тұрып кету үшін ота жасатқымыз келеді», - деген анасы Гүлсін Исағалиева бас имамға хат жазып көмек сұраған.

Шараға ақтөбелік спортшылар да белсене қатысуға кіріскен. Апта соңында футбол өткізіп, бірінші топ мүгедегі Шынболатқа қаржы жинап бермекші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1044762-aqtobelikter-zhuma-namazynan-keyin-qa.html