RU

Алматы іргесіндегі ауылда 3 жыл бойы жарықтың жоқтығын әкім де білмейтін болып шықты

Алматы іргесіндегі ауыл электр жарығына жарымай отыр. Осыдан 3 жыл бұрын жер телімін сатып алып, үй тұрғызғандар су мен жарық тартамыз деген жергілікті басшылардың сөзіне алданып қалдық дейді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Өйткені соңғы кезде аудан әкімдігі арыздарына да құлақ асуды қойған. Тіпті шенеуніктер мұндай ауылдың барын білмейміз деп шығарып салады екен.

Талғар ауданына қарасты Нұрай ауылында тұрмыстық техниканың игілігін көре алмай отырған жалғыз осы отбасы емес. Теледидар, компьютер, кір жуғыш машина мен тоңазытқышты іске қосуға мүмкіндік жоқ. 3 жыл бұрын үй салу үшін жер алып, осында қоныстанған жүзге тарта шаңырақ жарықтың жоқтығынан осылайша амалдауға мәжбүр.

"Мынау да дұрыс жанбайды, тез өшіп қала береді. Алысқа барып батарейканы қуаттамасаң өшіп қалады", - дейді тұрғын.

Тығырықтан шығар жол іздегендердің бірі генератор қосса, екіншілері күн қуатын жинақтайтын қондырғылар алған. Бірақ бұны барлығының бірдей қалтасы көтермейтіні анық. Жарығы жоқ, баласы көп отбасылар тұратын ауыл туралы шенеуніктер, тіпті білмейді екен.

"Балаларға да қиын. Не сабақ оқуына, не киім үтіктеуіне өте қиын болып жатыр. Мына халқымыздың барлығы тозып кетті. Біз осыдан 10 күн бұрын ғана аудан әкімдігіне шыққан болатынбыз. Бірақ әкім болмады. Біздің ауылдың бар екендігін ешкім білмейді", - дейді Нұрай ауылының тұрғыны Жанат Нұрқалымов.

Жұрттың жергілікті әкімдікке жазған арызы мен өтінішіне тек бір жауап қайтарылған. Жарықты жүргізу бір күндік жұмыс емес, сондықтан шыдамдық танытып, күтуге шақырыпты.

"Арыздың негізінде жоспарға енгізіп, жоба жасап, одан кейін бюджетке өтініш тастаймыз деді. Ол 3-4 жылсыз мәселе шешілуі мүмкін емес деп мән-жайын айтты. 3-4 жыл жарықсыз отыруымыз керек пе?", - дейді Нұрай ауылының тұрғыны Раушан Садығанова.

Ауыл тұрғындары биылдан қалмай баспананы заңдастырмасақ билік жерді кері қайтарып алады деп те қорқып отыр. Өйткені тең жартысы шаруа қожалығын жүргізу үшін алынған жерге баспана салыпты. Сондықтан әкімдік алдымен құжаты дұрыс үйлердің мәселесін шешпекші екен.

"Ауданда Нұрайды білмей қалыпты деген енді ол кішкене алып-қашпа сөз шығар. Өтінішті жаздым, енді 1 ай көлемінде жасалады. Содан кейін ТП орнатамыз, сосын тұрып жатқан 25 үйге жарық береміз", - дейді Қайнар ауылдық аймағының әкімі Жандос Ясинов.

Трансформатор, электр бағаналары мен сымдарды тарту үшін 18 млн 695 мың теңге бөлінді деп сендірді әкім. Сондықтан алдағы айларда оқушылар қас қарайғанда үй тапсырмасын майшаммен орындаудан құтылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1044940-almaty-irgesindegi-auylda-3-zhyl-boyy-zha.html