RU

18 жастағы қазақ балуаны дзюдодан Еуропа кубогін иеленді

Дзюдодан Австрияда өтіп жатқан Европа ашық кубогында 73 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық 18 жастағы балуан Дидар Хамза алтын алды деп хабарлайды Аламан порталы .

Дидар Хамза бірінші белдесуде руминиялық Флорин Папты, екінші айналымда австриялық Христофер Вагнерді иппон әдісімен жеңді. Одан кейін египеттік дзюдоист Мохамед Мухелдиннен басым түсіп, Дидар Хамза жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда бразилиялық Алек Вилиам Помбо Да Силваны тағы да иппон әдісімен тізе бүктіріп, финалға шықты.

Финалда тағы бір бразилиялық тәжірибелі бірнеше Гранд Cлам және әлем кубогы кезеңдерінде жүлде алған Маркело Континимен белдесіп, қарсыласынан юко әдісімен жеңді.

Жалпы Европа ашық кубогына 48 елден 242 дзюдоист қатысып жатыр. Қазақстан   құрамасынан   15 балуан ел намысын қорғайды. Бүгін, 13 ақпанда татамиге үш салмақ (60 кг, 66 кг, 73 кг) бойынша сегіз дзюдошымыз шыққан болатын. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшидин және жасөспірімдер арасындағы олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаев болған. Олар ширек финалға шыға алмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1045369-18-zhastaghy-qazaq-baluany-dzyudodan-europ.html