RU

Шымкенттік мұғалім ұстаздардың шәкіртінен пара алуына қатысты пікірімен бөлісті

Шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлы ұстаздардың шәкіртінен пара алуына қатысты өткір ойын әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында бөлісті.

Бұл туралы Корреспондент басылымы жазады.

Ол өзінің басынан өткен оқиғаны мысалға келтіріп, білім алушыны тәрбиелеудің жолдарын да атап көрсетті.

«Мектепке жұмысқа алғаш келген жылы 7 сыныптарды берді. 23 ақпанда бір оқушы қыз әтір сыйлады. Алмайын десем, 25 баланың алдында жасөспірім қыздың сағы сынатын түрі бар. Оның үстіне мінезді қыз бала еді. Алуға тура келді.  Рахметімді айттым да, бүкіл сыныпқа қарата «Мен сендерді оқытқаным үшін мемлекеттен жалақы аламын! Ол аз ба, көп пе - менің жеке проблемам! Сондықтан, маған сыйлық жасаудың алды да, арты да осы болсын! Келесі жолы сыйлық әкелсеңдер, сыйлығыңды терезеден атам, өздеріңе "2" қоямын! - дедім, дауысымды қатайтып... Содан кейін маған оқушы да, ата-ана да сыйлық ұсынған емес (Фейсбукте біраз шәкіртім және олардың ата-аналары, мектептес әріптестерім отыр. Сөзім өтірік болса, айта жатар)", - деп жазды ұстаз.

Мұнымен қоса шымкенттік мұғалім кейбір ата-аналар тарапынан балаларын жекелей оқытып, оған қосымша ақша беретіні туралы ұсыныстардың көптеп түскенін де жасырмаған. Бірақ, білім саласының қызметкері бас тартқан.

«Меніңше мұғалім мен оқушының арасында тауарлы-ақша қатынасы болуы мүмкін емес. Шәкіртінен пара дәмету - өз балаңды баққаныңа ақы сұраумен бірдей. Сондықтан, қылмыстық заңға өзгеріс енгізіп, пара-сыйлық алған оқытушыны өмір бақи педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынуы тиіс», - деген педагог осы бір ұсынысымен ойын түйіндеген.

Еске сала кетейік, жақында студенттерден еш қымсынбай пара сұраған мұғалім туралы видео желіде қызу талқыланған болатын. Кейін қызметінен қуылған оқытушының қан қысымы көтеріліп, ауырып қалғаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1045426-shymkenttik-mughalim-ustazdardynh-shaki.html