RU

Алматылық балалар «екінші Роналдо» атағын алу мүмкіндігіне ие болды

Real Madrid Foundation (RMF) академиясының ресми өкілдері алғаш рет өткізген баспасөз конференциясы еліміздегі бүкіл спорт сүйер қауымның зор қызығушылығын тудырды.

Өйткені «Реал» Қазақстанда жүз мыңдаған жанкешті жанкүйері бар ең атақты испандық клуб болып есептеледі! Ал жуырдағы көктемгі демалыс кезінде, Алматы қаласында 6 мен 17 жас аралығындағы балалар үшін Реал академиясының штаттық бапкерлері өткізетін ТМД-дағы алғашқы футбол курсы туралы ақпарат елді ерекше қуанышқа бөледі.

Жаттығу 5 күн бойы, күніне 1,5 - 2 сағаттан өткізіледі және жастарымызға «Реалдың» тек өзіне тән шеберлік әдістерін үйретіп, техникасы мен тактикасын жақсартып қана қоймай, «Реалдың стилінде ойнаудың» қандай екенін аңғаруға да мүмкіндік береді!

"Қазақстанға Луис Рубиаль мен Даниэль Андауру сынды баға жетпес бапкерлер, аса тәжірибелі кәсіби мамандар келеді. Біз ірі стадиондарда әлемдегі ең мықты командалар арасындағы ойын барысында орын алатын жағдайларды ойын алаңында көрсетеміз. Real Madrid Foundation «Реал Мадрид» клубы құрған коммерциялық емес ұйым екендігін есепке алған жөн. Ол әлемнің 72 елінде қызмет етіп, әлем спортына қолдау көрсету және жастарды спортқа тарту арқылы көптеген елдегі өзекті мәселелерді шешуді өз алдына міндет етеді. Қазіргі уақытта әлем бойынша RMF және жергілікті демеушілер қолдау көрсетіп отырған 400 әлеуметтік бағдарлама бар. Аталған курс Қордың негізгі іргетасы іспеттес. Алғашқы жоба болып есептелетін RMF мектебінің Қазақстанда өткізе бастайтын курсы оның жергілікті серіктесіне осы жерде алғашқы әлеуметтік мектеп ашуға мүмкіндік беретін қаражат жинауға көмектеседі. Қорға курстан түсетін бүкіл қаражат қоғам игілігіне жұмсалады. RMF бұл жобалар арқылы балалардың көшеде босқа жүруден, сонымен қатар қылмыстық ортадан аулақ болуына көмектесіп, мүлде басқа өмір салтын ұстануға жөн сілтейді", - дейді RMF курсының директоры Пабло Гомес.

Курстағы балалар тобы жас ерекшелігіне, сондай-ақ допты меңгеру шеберлігіне байланысты бөлінген. Курс ұйымдастырушылары, Sport Events Management ұйымының ақпараты бойынша, курс билеттерінің сатып алу белсенділігі айтарлықтай жоғары, тіпті белгілі бір жас тобына орындар қалмады деуге де болады. Курсқа қатысушылар қатарындағы бір баланың анасы, Дина Жұмабекованың айтуынша: «Біздің ұлымыз футболмен бұрыннан айналысады және «Реал Мадридті» жанындай жақсы көреді! Өткен жылдың жаз айында ол Испаниядағы атағы бойынша деңгейі төменірек бір команда тарапынан ұйымдастырылған дәл осындай курсқа қатысқан болатын. Авиабилеттерді есепке алмағанда 2 500 еуро төледік. Оған қоса, ұшып бару, келу, виза сияқты мәселелер әбден қинады... Курстың осы жерде өтуі өте ыңғайлы. Курсқа қатысу құны 100 000 теңгеден жоғары болса да, менің ойымша, дағдарыс кезіндегі ең жақсы инвестиция – баланың біліме салынған қаржы! Ұлымыз жергілікті клубта да жаттығады, бірақ Испаниядағы курстан өтудің пайдасы көп болды, ойнау техникасы да жақсарды. Алматыда өтетін курста дриблинг, допты иелік ету, жылдамдық пен төзімділік сияқты дағдыларын жақсарта алатындығына сенімді!».

Дина Жұмабекова курстың болашақ қатысушысы, баласы Дінмұхамедпен бірге. «Реал» бапкерлерінің курсы басқа клубтар қолданатын бағдарламалардан ерекшеленеді және жеке оқытудың озық қағидалары, техника мен тактиканы жетілдіру, ойын барысында оңтайлы шешім қабылдай білу және құндылықтар негізінде оқытуға көңіл бөледі. Испандықтар балаларымызға «Реалдың» стилінде ойнаудың қандай болатынын көрсетеді.

Әлеуметтік қорғалмаған бұқара топтарға қолдау көрсету аясында курстағы он орын балалар үйі мен жетімдер үйінде тәрбиеленетін балаларға беріледі.

Коля Окбаев пен Саша Цаплин – Real Madrid Foundation курсына тегін қатысуға мүмкіндік алған балалар үйінің алғашқы тәрбиеленушілері. Ұлдардың тәрбиешісі, Лена Гендриксон, балалардың сүйікті командасының бапкерлері өткізетін курсқа қатысатындығы туралы хабарды естігендегі көңіл-күйлері туралы былай деді: «Футбол – олардың өмірі! Екеуі де кәсіби футболшы болып, «Реал Мадрид» командасында өнер көрсетуді іштей армандайды! Футбол ойнаған кезде, олардың шын мәнінде бақытты екені және алаңда өткізген әр сәтті жан дүниесімен сезінетіні көрініп тұрады. Олар үшін футбол – өз талаптарын қоятын ересек өмірмен бірдей, олар ол өмірге бар болмысымен кіріп кетеді. Олардың алаңда ойнағанын көргеннен ләззат аласың, олар алаңда толығымен ашылып, өздерін еркін ұстайды. Курсқа қатысатындықтары туралы білгенде төбелерінен жай түскендей болды. Басында маған сенген де жоқ. Ал кейін бақыттан бастары айналып жүрді».

RMF футбол курсы соңғы жылдарда жер шарының барлық құрлығында, соның ішінде АҚШ, Канада, Еуропа елдері, Жапония мен Қытайда табысты өтті және біз оның Қазақстанда да сәтті өтетініне сенімдіміз!

Толық мәлімет: frmclinicskazakhstan.kz

Т. +7(777) 809-20-20

Айнұр Бүркітбаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1045594-almatylyq-balalar-ekinshi-ronaldo.html