RU

Журналист пара алғыш "жексұрын оқытушыларды" сынға алды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы «Агробизнес және саяхат» колледж оқытушысының ашық пара сұрап отырған сәтін видеоға түсіріп, оны таратқан жастардың әрекетін халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлы оң санайды.

Журналист әлеуметтік желідегі жеке парақшасында "жексұрын оқытушыларды" сынға алды.

«Студенттерден пара алатындығын олардың көзінше ашық мәлімдеп отырған оқытушыны әшкерелеп, жұртқа таратқан жастардың әрекетін өз басым дұрыс қадам деп білемін. Қоғамды әбден ашындырған мұндай келеңсіздікке төзбеу керек. Бұл сол колледжде ғана болған оқиға емес. Ондай сорақылық елдегі өзге университет, колледждерде де бар, тек ашық айтылмайтыны болмаса, одан да сорақы фактілерді естіп жатамыз. Қалай десек те, әлеуметтік желінің мүмкіндігін студенттер жақсы пайдаланды», - деп өз ойымен бөлісті журналист.

Шамахайұлы "парақор мұғалімнің" кейбір оқытушыларға сабақ болуы керектігін алға тартты.

«Парақорға бақылау жасайтын қоғамнан қырағы ештеңе жоқ. Енді, ол парақор кейбір оқытушыларға сабақ болса игі. Жалпы, арнаулы және жоғары оқу орындарында ең біліксіз, ең жексұрын оқытушылар пара алуға келгенде өте епті көрінеді ғой», -  дейді ол.

Кейіннен тағы бір жазбасында журналист осы жағдайға орай ойын шумақтап жеткізді.

"Өткір камера қолға алмай, парақорды түсірмей, Ютубке таратпай, көргендерді шулатпай, білім ісі біте ме?"- деп, енді ЖОО лауазымдыларын аулайық", - деген ұсыныс жасады Шамахайұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1045659-khalyqaralyq-zhurnalist-enh-zheksuryn-oq.html