RU

Тараздағы "магнит баланың" күші көлікті тоқтатуға дейін жеткен

Тараз қаласындағы «магнит балаға» қатысты оқиға талайды таңқалдырғаны жасырын емес. Небәрі 6 жастағы Нұрдәулет Арыстанбектің денесінде металл заттарды ұстап тұра алатын қабілеті ойламаған жерден оянған.

Ең бірінші қасықты денесіне жабыстыра алған бала, кейін планшетке дейін ұстап тұра беретін қабілетті арттырған деп жазады Қазақстан-Заман газеті.

Жалпы, дәрігерлер мұндай тылсым күштің бала бойынан оянуы денсаулығына еш қауіпті еместігін айтқан болатын. Алайда жуырда Нұрдәулеттің анасы Аида Оңталапқызына хабарласқанымызда, баласының жиі сырқаттанып жүргенін айтты.

“Бір таңқаларлығы, баламның дене қызуы көтерілгенде өзімнің аяқ-қолымды ұстатсам, қызуы басылып, ұйқыға кетеді. Бірақ баламның қолы тиген жерлер күйіп қалғандай, түсін өзгертеді. Ұлымның бойындағы бұл қасиет кіші қызыма да әсер етпей қоймады. Енді ғана тәй-тәй басып жүрген қызымның денесін Нұрдәулетім бір-екі мәрте ұстап еді, қазір ол да өздігінен дәретке баратын, тіпті ымдап тамақ сұрайтын түйсігі оянды. Бұған бәріміз таңқалып отырмыз. Бірақ баламның денсаулығы бәрібір алаңдатпай қоймайды”, — дейді жас ана.

Иә, шынында да, бұл таңқаларлық жағдай екен. Тағы бір айта кетерлігі, Нұрдәулеттің дене қызуы көтерілген сайын, оның магниттік күші артатын көрінеді. Қазір бала бір уыс үй кілттерін және ауыр темірлерге дейін денесіне жабыстыра алатын қабілетке ие болыпты. Сондай-ақ, көлікке отырса, техника құрылғылары істен шығып, көлік жүрмей қалады екен.

Бұдан бөлек, Нұрдәулет оқып жатқан №29 мектеп ұстаздарының айтуынша, оның мектеп бағдарламасын қабылдауы тым зерек көрінеді. Тіпті, ол бір аптаның сабағын алға оқып, көбейту кестесін де жаттап алыпты. Мұндай қасиетке қазір мектеп мұғалімдерінің өзі таңқалып отыр. Олардың сөзіне сенсек, қазір балаға мектепке дейінгі даярлық сабақтары мүлде қызық емес екен. Оның санасы сұранып тұрғаны мүлде жоғары сыныптардың бағдарламасы дейді мұндағылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1046350-tarazdaghy-magnit-balanynh-kushi-kolikt.html