RU

Шымкенттік отбасы ойыншық шығаруды қалай бизнеске айналдырды? (фото)

Шымкентте пластикалық ойыншықтар шығаратын цех ашылды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Цех жұмысын бастағанына көп уақыт бола қоймаған. Алғашында айына 3,5-4,5 мың ойыншық шығаруды жоспарлаған цех қызметкерлері бүгінде бұл межені артығымен орындап отыр. Дәл қазіргі таңда мұнда 5 мың дана ойыншық шығарылады.

Ұжым мұнымен шектеліп қалмақ емес. Тіпті алға қойған жоспарлары да орасан. Осы ретте біз балаларға қуынаш сыйлап жүрген цехқа арнайы барып, жұмысымен танысып қайттық.

Рабиға Байтемірова басшылық ететін «Навруз Пластик» мекемесі кәсіпкер әйелдің отбасылық бизнесіне айналған. Ойыншықтардың барлық құжаты бар. Цехты іске қоспас бұрын құжат жағынан талай кедергілерге тап болғанын да жасырмайды басшылық.

Құзырлы мекемелермен соттасып, тіпті елбасыға да хат жазып, көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Не дегенмен балалар үшін экологиялық таза ойыншықтар шығару еліміз үшін таптырмас кәсіпорын екенін алға тартқан олар ақыры соңында жергілікті биліктен қолдау тауып, былтырғы жылдың басында   жұмысын бастапты. Алғашында тәуекелге бел буып, бірінші құрылғыны 50 мың АҚШ долларына алған. Бүгінде мұнда мұндай құрылғының бесеуі бар.

Дәл қазіргі таңда мұнда балалар жүк көлігінің бірнеше түрі және лего құрастырғыштары (шелек) шығарылады. Сондай-ақ, баланың өздігінен мініп жүруіне лайықталған ойыншықтар да бар. Тіпті оларға рөлге отырған сәбидің көңілін көтеру үшін арнайы музыкалық құрылғылар да орнатылған.

Алдағы уақытта ұжым баланың өздігінен айдайтын көлемді көліктер мен «ходуноктарды» (балаға өздегінен жүруді үйрететін құрылғы) ойыншықтарды да шығаруды жоспарлауда. Алайда бұл межені орындауды басшылық 2017 жылға қалдырып отыр. Өйткені бүгінгі нарық заманында теңгенің құнсыздануы бұл жоспарды тезірек жүзеге асыруға кәдімгідей кедергісін келтіріп отыр екен.

«Егер доллар тұрақталса, дереу қытайлық әріптестердің көмегіне жүгініп, арнайы станоктарға тапсырыс береміз. Олар 2 немесе 3 айда жасап беруі керек. Содан соң оны сатып алып, өз елімізге алып келмек ойымыз бар», - дейді цех басшылығы.

Дәл қазіргі таңда цех  шығаратын ойыншықтар тек Шымкент емес,  Алматы, Қарағанды, Астана секілді алыс-жақын аймақтардың нарығына шығарылуда.

«Көршілес жатқан Қырғызстан елінен де сұраныс түсіп жатыр. Жағдай тұрақталса, оны да жасаймыз»,- дейді Байтемірова.

Цех қожайыны Рабиға Сатыбалдықызы ойыншық сату бизнесіне кездейсоқ келмеген. Бұған дейін Қытай, Иран секілді елдерден ойыншық әкеліп, Қазақстан нарығында сатып жүрген. Күндердің күнінде «неге өзімізде дәл осындай ойыншықтарды шығармасқа?» деген ойға келген ол жолдасы екеуі ұлдары Наурызбекті Қытай еліне оқуға жіберген. Наурызбек аспан асты елінде сол елдің тілін жетік меңгеріп, мамандарымен тәжірибе алмасқан. Кейін ата-анасына ойыншық шығаратын құрылғылар туралы кеңес беріп, оны сатып алуға көндіріпті.

«Ойыншыққа қажетті полипропиленді Ресей елінен алдырамыз. Себебі ондай өнім Қазақстанда жоқ. Қалғанының бәрі өзімізде жасалады», - дейді Рабиға Байтемірованың ұлы Наурызбек.

Ол Қытай елінде білімін жетілдірген соң үйреніп-түйгенін шымкенттіктерге үйреткен. Дәл қазіргі таңда мұнда онға жуық қызметкер жұмыс істейді. Жалақысы-  40-50 мың тең көлемінде. Барлығы да жергілікті тұрғындар.

Ойыншық шығару жұмысы отбасылық бизнеске айналғандықтан кейде қара жұмысқа өздері де араласып кетеді. Отағасы басты инженер-технолог. Ол кісінің бұл саладан хабары өте көп.

Айына 5 мыңға жуық ойыншық шығарылады. Америкалық «МАК» маркалы жүк көліктерінің ең кішісі - 400 теңге. Ортаңғысы – 650 теңге, «супер МАК» деп аталатындары 1000 теңгеден сатылуда. Ал балалардың өздері отырып, басқаруға лайықталған «Талакар» шағын көліктері музыкалық құрылғыларын қосқанда 2800-3300 теңге аралығында.

«Лего» (шелектегі ойыншықтар) құрастырмалы ойыншықтардың бағасы көлеміне қарай әртүрлі. Ең арзаны 300 теңгеден басталып, 700 теңгеге дейін барады.

«Ең маңыздысы — бізде шығатын ойыншықтар барлық санитарлық-эпидемиологиялық тааптарға сай. Баланың денсаулығына еш қауіпі жоқ. Сертификатталған. Барлық құжатымыз бар. Бағасын да халықтың қалтасымен санасып отырмыз» деген цех басшылығы осылайша жоспарларымен бөлісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1046597-shymkenttikter-balalar-oyynshyghyn-qal.html