RU

Ақтөбеде Әдеп кеңесінің төрағасы басшылардың кабинетінде самсап тұратын сыйлықтарға шүйлікті

Ақтөбелік шенеуніктер алған сыйлықтарын мемлекет қазынасына тапсырмай жатыр. Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Бастықтардың кабинетіндегі ат, барыс секілді үлкен мүсіндерді өздерінің алғанына күмәнім бар. Сыйлық мемлекеттің меншігіне қайтарылуы керек», - дейді Қайыржан Тоқышев.

Ақтөбелік шенділердің тәртібін қатаң қадағалап отырған Қайыржан Ахметбекұлы енді әдепке көңіл бөлетін болады.

«Сыйлық алатын адамдарды кабинетіне қарап-ақ білуге болады. Неше түрлі ат, шахмат мүсіндері тұрады. Мен өзім соған көңіл аударамын. Барған жерде басшылардың кабинетінен қымбат сағат, елік, барыс секілді сыйлықтарды көп көріп жүрмін.  Көбіне біздің шенеуніктердің кабинетінде аттар тұрады. Ондай жерде мына сыйлықтарды неге тапсырмайсыз деп айтып жүрем. Өз қалтасынан алса, сөз басқа. Бірақ, оларды өз ақшаларына сатып алатынына күмәнім бар. Неге самсатып қойдың деп сұраймын», - дейді Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Қайыржан Тоқышев.

Осыған дейін сыпайы ескерту жасап келген басшы енді сөзден іске көшпек. «Биыл осы талапты қоямыз» деген Тоқышев жоспарлы, жоспарсыз тексерістер  кезінде бастықтардың кабинетіне де көңіл аударылатынын айтады.

«Мемлекеттік қызметкерге сыйлық алуға болмайды. Үйіне апарып тастаған сыйлықты 7-10 күннің ішінде арнайы қорға тапсыруы керек. Ақша түскен жағдайда республикалық бюджетке аударады. Таза адам келген сыйлықты қорға тапсырады. Оны қорға апарғаннан кейін нарықтағы бағасына өзі сатып алуға болады», - дейді Тоқышев.

Белгілі болғандай, Ақтөбеде арнайы мемлекеттік қорға алған сыйлықтарын тапсырып жатқан ешкім жоқ. Яғни, басшылар алған сыйлықтарынан бас тартқысы келмейді. Егер мемлекеттік қызметкердің алған сыйлығының құны 4200 теңгеге жетсе, әкімшілік жауапқа тартылады. Одан асып кетсе қылмыстық жауапқа тартылады.

«Біз мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысын бұлдамау керек, ол үшін сыйлық алмауға тиіс деген насихат жүргізіп жатырмыз. Біз мұны халыққа  да жеткізуіміз керек. Құжаттын дайындап алса, ол жұмыс. Бірақ, ешкімге міндетті емес», - дейді төраға.

Қазір Ақтөбе облысында 4509 адам  мемлекеттік қызметте отыр. Өткен жылы оның 45-і тәртіптік кеңесте жазаланған болатын.

Еліміздегі Тәртіптік кеңес Әдеп жөніндегі кеңес болып атауын өзгертті. Мемқызметкерлердің мәдениеті енді басты назарда болмақ.

«Бұл кеңеске тартылғандар қызметінен босап кетуі де ықтимал. Қылығымен кеңес арқылы қызметінен босаған адам қайтып мемлекеттік қызметке келе алмайды», - дейді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметін қатар алып отырған Қайыржан Тоқышев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1046639-aqtobede-adep-kenhesininh-toraghasy-bas.html