RU

Ислам Каримов: Комсомол - сатқындарды тәрбиелеген ұйым

Өзбекстан президенті Ислам Каримов комсомолда (Жастардың коммунистік одағы — КСРО кезіндегі жастар ұйымы) сатқындарды тәрбиелегенін мәлімдеді.

Бұл жайында Азаттық радиосының Өзбекстандағы өкілдігі хабарлап отыр деп жазады sn.kz.

«Кеңес одағы халықты пионер-комсомолдардың жарлытарымен әбден шаршатқан еді. Бұл ұйымда негізінен сатқындыққа дайын тұратын адамдарды тәрбиелейтін», — деді Каримов Республикалық балалар спортын дамыту қорының жиынында сөйлеген сөзінде.

Естеріңізге салайық, 2015 жылдың қаңтарында Ислам Каримов парламенттің төменгі палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеп, бұдан былай Өзбекстанның КСРО тектес ешқандай ұйымға мүше болмайтынын айтқан болатын. Ол Кеңес заманына қайта оралмайтынын, КСРО-ны аңсайтын өзге елдерге түсінбеушілікпен қарайтынын жеткізген болатын.

Ал, 2014 жылдың маусымында Каримов Ресей мен Қазақстан және Беларусь Республикалары құрған Еуразиялық одақты қатаң сынады. «Мемлекет экономикасы өзгеге тәуелді бола тұра саяси тұрғыда қалай тәуелсіз бола алады?» — деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1046755-islam-karimov-komsomol-satqyndardy-t.html