RU

"Қазақ елі" сериалын қарық қылмаған министр Қытайдың ұлы композиторы туралы фильм түсірмек

Иса пайғамбар туралы фильм түсіреміз деп жұртты дүрліктірген Мәдениет министрі тек мұнымен шектелмей, қытай сазгері Си Синхай туралы да кино туынды әзірленіп жатқанын жеткізді деп хабарлайды 31 арна.

Мәдениет және өнер қайраткерлерімен Алматыда бас қосқан Арыстанбек Мұхамедиұлы көрермен көп күткен "Қазақ елі" сериалын да сөз етті.

Министрдің қатысуымен болған бейресми жиындағы басты әңгіме Қазақстандағы кино саласы болды. Жуырда ғана Арыстанбек Мұхамедиұлы Иса пайғамбар жайында қос бірдей фильм түсірілетінін айтып сүйіншілеген. Жиында бұл туралы сөз болмаса да қатысушылар тарапынан келесі бір діни тұлғаға қатысты ұсыныс айтылды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған жазушы-драматург Смағұл Елубай түркі халқына ортақ ғұлама Ахмет Яссауи туралы фильм түсіруді ұсынды.

"Мүмкіндік болса, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ кейбір фильмдер түседі бізде, ол полкаға барып жатады. Ал Яссауи түсіріле бастаса, бұл бүкіл түркі әлемін елең еткізеді, ағайын. Тек түркі әлемі емес, бүкіл әлем мойындайтын тұлға ғой", - дейді жазушы Смағұл Елубай.

Ал кино саласында бір адамдай тер көккен Асанәлі Әшімов қазіргі сапасыз сериалдардан мезі болғанын жеткізді. Артық қимылы көп, өнері аз деп сериалдарды сынаған ол мәселені зиялы қауым талқысына да салды.

"Қазіргі түсіріліп жатқан сериалдар көзге де, құлаққа да онша жұғымды емес. Жалпы мынау, Ареке, сериал дегендер өнер емес.   Бұл әншейін күн көру, экран толтыру, телеэкранды", - дейді Қазақстанның Халық артисі Асанәлі Әшімов.

Алайда Мәдениет министрлігі тарапынан отандық сериалдарды көбейту туралы ұсыныс жиі айтылатын. Әшімовтің пікірін күлкімен қабылдаған Мұхамедиұлы бізде онсыз да сериал аз дегенді айтты. Ал кино саласына шетелдік мамандардың келуі мен шетелдік тұлғалар туралы кино түсіру әлемдік нарыққа шығар төте жол екен. Алда Қытай елімен бірлескен фильм түсірілмек.

"Қазір Қытай тарапынан елу де елу біріккен фильм түсіріліп жатыр. Сценариі дайын, аманшылық болса жақын арада біз ол фильмнің түсірілімін бастауымыз керек. Ол неге керек? Қытай халқы үшін Си Синхай ұлы композитор, осындай ұлы тұлғалардың Қазақстанға келіп өз шығармаларын жазғаны бізге мақтаныш, - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр Мұхамедиұлы қазақстандықтар көп күткен "Қазақ елі" сериалын көрермен ұзаса екі айдан кейін көре алады дегенді жеткізді. Ал Иса пайғамбар туралы кинокартинаға Қазақстан тарапынан бір тиын да қаржы шықпайды екен. Бұл инвестициялық жоба дегенге сендірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1046998-qazaq-eli-serialyn-qaryq-qylmaghan-min.html