RU

Төреғали Төрәлі: Жанкүйерлердің арасынан өз бақытымды кездестіруім мүмкін

Танымал әнші Төреғали Төреәлі "Сырласу" журналына берген сұхбатында өнері мен өмірі жайында оқырманға беймәлім сырын ақтарды.

Жанкүйерлерімен ара-қашықтықты ұстамайтын әнші көпшіліктің ортасында жүрген өзіне ұнайтынын баса айтты. Тіпті "жанкүйерлердің арасынан өз бақытыңызды тауып қалуыңыз мүмкін бе?" деген сауалға да әртіс оң жауабын берді.

"Мүмкін. Мүмкін деген сөзді айтпау мүмкін емес. Өмірде бәрі болады", - деді Төреғали байсалды кейіппен.

Әртіс 2014 жылдың күзінде өзінің үйленгені жайлы жұртқа жайылған ақпаратқа қатысты "Оны кім салды, содан сұрайсыздар ғой", - деп жұмбақтап сөйледі.

Жас әнші әңгіме арасында көңілінен шығатын, өзі ұнататын қыздардың болмысын да сипаттап берді.

"Маған ұнайтын қыздарды ұнатамын. Ол мынадай болу керек деп айта алмаймын. Ол мынадай болмауы керек. Яғни, имансыз болмауы керек. Болды", - дейді әнші.

Сырт көзге тәкаппар, мінезі өктем көрінетін өнерпаз жігіт тыңдарманына жұртты бір серпілтіп тастайтын сый әзірлеуде екен. "Алғашы қар" деген жаңа бейнебаянында бұрынғы әндерінде көп кездеспейтін оқиға желісі өрбімек. Бұл жолы маңғаз әртіс Төреғали Төрәліге ұнатқан қызы қарамай кетеді. Әнші осылай көрерменін басқа қырынан таңқалдырмақ.

Төреғали Ерке Есмаханмен дуэт құрғаны жайлы да бірер сөз қозғады. Әнші Батыс Қазақстан өңіріне бірге концерт беруге өнер өкілдеріне қолқа салғанда, Ерке ғана келісімін бергенін айтты.

"Сөзінде тұратындығы маған ұнады. Еркеге: "Осы уақытқа дейін бірде-бір қызбен дуэт айтпаппын, екеуіміз ән айтсақ қалай болады?", - дедім. Ол келісті", - дейді Төреғали.

Қос әртістің келісімінен соң, сазгерлерге тапсырыс жасалып, "Алло" әні дүниеге келген. Әншілер бейнебаянды түсіру кезінде қиыншылықтарға тап болған көрінеді.

"Еркенің ауылда түсіретін сюжеттері бар. Сол жерде Москвич мініп жүреді. Көліктің иесі түсірілім кезінде қайтыс болған екен. Біздің бейнебаянға қатысы жоқ. Ажалы келіп тұр ғой. Одан менің Алматыда болуым сиреді. 2-3 күнде бітіретін жұмысты бір жарым айға создық", - деді Төреғали.

 

Айта кетсек, әнші осыдан екі жыл бұрын шаңырақ көтерген болатын. Алайда неге екені белгісіз, бұл жәйт туралы ол жақ ашпайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1047185-toreghali-torali-zhankuyerlerdinh-aras.html