RU

Қазақ дзюдосының жұлдызы есе қайтарғысы келетін басты қарсыласын атады

Дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионы Елдос Сметов алдағы Олимпиада ойындарына дайындығы туралы кеңінен баяндады. Бұл туралы Proспорт газеті хабарлайды.

- Елдос, сіздің дзюдо спортына келуіңізге кім немесе кандай жағдай түрткі болды? Алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме?

- 5 жасымнан спортқа қызықтым. Мені ешкім қолымнан ұстап әкеліп, осы спортпен айналысасың деген жоқ. Мұның бәрі Алланың қалауымен болды деп ойлаймын. Жалпы күрес ұнайды. Есімде қалған ең алғашқы жарқын жеңісім - 1998 жылы Алматыда өткен республикалық чемпионатта жеңімпаз атанған едім. Енді осыдан кейінгі жетістіктер көз алдыңызда болды, 2010 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атандым, 2013 жылы Азия чемпионатында қола жүлдегер болдым. Ал ең басты жетістігім - әлем чемпионатындағы алтын.

- Өз салаңыздағы үлгі тұтатын тұлғаңыз кім?

- Қазақтан шыққан спортшылар көп қой: Асхат Житкеев, Саламат Отарбаев, Айдын Смағұлов, Асхат Шахаров, Домбай Базарбек деген ағаларымыз. Сол кісілерге қарап өстік. Ал әлемдік деңгейде алатын болсақ жапон палуаны Номураны айтар едім, себебі ол балуан спорт тарихында ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізген. Осы палуандардың күресіне қызыға қарап өстік.

- Әлемдік деңгейде өзіңіздің басты қарсыласыңыз кімді деп санайсыз?

- Негізі біздің басты қарсыластарымыз - жапониялықтар. Ал жеке басыма келетін болсам, менің басты қарсыласым ол жапон балуаны Наохиса Таката. Онымен бірнеше рет белдескенмін, тәжірибелі әрі мықты спортшы.

- Бәрімізге белгілі 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының финалында өзіңізге жақсы таныс досыңыз, командаласыңыз Рустам Ибраевпен белдестіңіз, енді сол жайлы айта кетсеңіз.

- Рустам Ибраев Ақтөбе облысының тумасы. Ұлттық құраманың мүшесі. Өте тәжірибелі, үлкен додаларда топ жарып жүрген балуан. Спорт болған соң, татамидің үстінде достық деген жоқ. Енді барлық күшімізді салып күрестік, бұйырғаны сол болды.

- Былтырғы 2015-ші жыл сіз үшін жемісті болды. Биылға қандай жоспар-мақсаттарыңыз бар?

- 2016 жылы Олимпиада ойындары келе жатыр. Барлық спортшылар төртжылдықтың басты додасын асыға күтуде. Жоспарымыз бәсекеде алтын алу, көк туымызды желбіретіп, қазағымыздың намысын қолдан бермеу.

- Спорт саласында ойып аларлықтай орным қалды деп есептейсіз бе?

- Ол жайында ойламаппын. Егер Олимпиада чемпионы атанып жатсам, мүмкін ізім қалар. Мақтау, мадақтың бәрі Аллаға ғана тән.

Сұхбаттасқан Диас Талғатұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1047246-qazaq-dzyudosynynh-zhuldyzy-ese-qaytargh.html