RU

ОҚО-да Майкл Джорданды үлгі тұтатын әкім көпшілікті таң қалдырды

Шымкенттен шалғайда жатқан Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаевтың хоббиі кейір шенеуніктер ұқсап, кітап оқу емес. Бұл кісі салауатты өмір салтын жанына серік еткен. Бос уақытында баскетбол ойнайды. Шенеуніктің бұл хоббиі көпті қызықтырған.

Осыған орайда аудан басшысымен болған сұқбатты NUR.KZ назарларыңызға ұсынады.

- Мақсат Шамансұрұлы, қазір сайлау науқаны басталып кеткені белгілі. Жұмыстарыңыз қызып жатқан болар? Сіздердің аудандарыңызда депутаттыққа үміткерлердің қанша пайызы бұған дейін халық қалаулысы мандатын атқарып үлгергендер?

- Алдымызда үлкен науқан тұр. Дайындық қызу жүргізілуде. Аудандық мәслихат депутаттығынан үміткерлердің 70 пайызы бұрын елдің үмітін арқалап, депутат болғандар.

- Бос уақытыңызда баскетбол ойнайды деп естідік? Сол рас па?

- Иә, ол рас. Қолым қалт етсе, залға бас сұғып, денені шымырлатып тұрамын.

- Залға қаншалықты жиі бас сұғасыз?

- Аптасына екі рет спорт залға барамын. Қазіргі кезде жұмыстан қол тие бермейді. Дегенмен күнде таңертең дене шынықтыру жаттығуларын жасап, белтемірге тартыламын. Күні бойы креслода отырған соң міндетті түрде спортпен айналысу керек деп ойлаймын.

- Неге спорттың дәл осы түрі? Айтпақшы, баскетболшылардың бойлары тым ұзын болушы еді, ал сізге қарап олай дей алмаймыз...

- Мектеп кезінде баскетболды жақсы ойнайтынмын. Сыныптастарыммен аудандық жарыстарда жүлделі орын алатынбыз. Бойымды қысқа деп айта алмаймын. Әкем де шешем де  орта бойлыдан жоғары болатын. Баскетболмен айналысқанның бәрінің бойы ұзын бола бермейді ғой (күліп).

- Ұлттық баскетбол ассоциациясынан үлгі тұтатын спортшыларыңыз кім?

- Ұлттық баскетбол ассоциациясынан біздің бозбала кезімізде ала доптың шебері Майкл Джорданды үлгі тұтатынмын. Бірақ, мен үшін Олимпиада чемпионы, өзіміздің қазақтан шыққан Әлжан Жармұхамедовтан асатын баскетболшы жоқ.

- Спорттың тағы басқа қай түрімен шұғылданғансыз?

- Тек бір баскетболмен шектеліп қалғаным жоқ. Бала кезде футбол ойнадық. Қазақша күреске де қатыстым. Спорттың ол түрі бойынша түрлі жарыстар мен турнирлерде жүлдегер де болдым.

- Дене бітіміңізді бірқалыпта сақтаудың сыры тек спорт залдарына жиі бас сұғумен шектеледі ме? Әлде тамақ рационыңызда белгілі бір талаптар бар ма?

- Дені бітімімнің бірқалыпты болуым мүмін геннен тараған болу керек. Спорттың септігі жоқ дей алмаймын. Ал тамаққа келсем, тартынып жейтінім рас. Бірақ еттен бас тартқан емеспін. Қай қазақ еттен тартынады дейсіз?.. (күліп)

- Ел назарында жүрген әкім Исаев отбасында қандай әке?

- Алғаш рет әке атанғанда ерекше сезімде болғанмын. Қазір Алланың берген 4 ұлы бар. Үлкені - студент. Қалған балаларым мектепте оқиды. Балаларымды еркелететін кезде еркелетемін, ұрысатын кезде ұрысып та аламын. Қазақы тәрбие беріп отырмын.

- Жұбайыңыз мектеп мұғалімі деп естідік. Әкімнің әйелі бала оқытушы деген ат абыройыңызға нұсқан келтірмей ме?

- Иә, жұбайым Шолаққорған жалпы орта мектебінің мұғалімі. Өз саласының маманы. Мен әкім болмай, қарапайым қызметкер кезімнен мұғалім. Әлі де сол мұғалімдік жолда. Өзі ісін жақсы көретін болу керек (күлді). Себебі өзінің жұмысына тиянақты.

- Қызметкерлеріңіз сіз туралы тым жұмсақ басшы дейді. Расымен де боссыз ба?

- Осы журналистер мұндай әңгімені қайдан естігендеріңізді білмеймін. Қарамағымдағылардан жұмысты талап етемін. Мен туралы бағаны қызметкерлерім және халық береді ғой.

- Басшылық қызметте қандай принциптерді ұстанасыз?

- Әділдік. Адалдық. Қолынан іс келетін азаматтарды қашанда құрметтеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Еске сала кетсек, NUR.KZ бұған дейін Мақсат Исаевтың ОҚО-ның ең қарт тұрғыны Бейсек Рсымбетовтың 110 жасқа толған туған күнімен құттықтап шыққанын хабарлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1047702-oqo-da-maykl-dzhordandy-ulgi-tutatyn-ak.html