RU

Ақтөбе облысында аудан әкімі бірде-бір туысын қызметке алып, көрмегенін айтты

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовтың журналистермен кездеседі дегенін естіген ауыл тұрғындары ере келіп, әкімге ыңғайсыздық туғызды деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Олар ауылда атқарылмай жатқан жұмыстарды тізіп берді. Экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанын да айтты.

Әкім өз тарапынан бұл сауалдарға қатысты жауабын берді.

«Жарқамыс ауылынан 13 шақырым жер мұнай қалдықтарымен бүлінген. Қазір мұнайды ыдысқа құйғандай етіп бір жерде ұстап тұрмыз. Күн жылынғанда Түрік мұнай компаниясы арқылы залалсыздардыру жұмыстарын жүргіземіз», -  деді Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

23 135 мың тұрғынға басшылық етіп отырған Байғанин ауданының әкімі ауылда ауыз су мәселесінің қиын екенін де мойындады. Аудан бойынша тұрғындардың ауыз сумен қамтамасыз етілуі жиырма пайыздан аспай тұр. Әкім алты елді мекенде ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

Мамырғали Аққағазовтың Байғанин ауданына әкім болғанына екі жыл болды. Он төрт жыл колхозда қызмет еткен шенеунік жұмыс жасауда өз тактикасының бар екенін де атап өтті.

«14 жыл колхозда жұмыс істедім. Тарағаннан кейін мемлекеттік қызметкер болдық. Алға ауданында бөлім басшысы бөлып жұмыс істедім. Кейін ауылдық округте әкім болып, қазір аудан әкімі қызметіндемін», - деген Аққағазов ауданда мемлекеттік қызметте отырған жалғыз бауырының көтерілуіне қатысы жоқтығын жасырмады.

«Аудандағы техникалық бақылау мекемесінде жалғыз бауырым инженер болып жұмыс істейді. Ол онда он үш жылға жуық қызмет істеп жүр. Яғни оның қызметтік өсуіне менің қатысым болған жоқ. Әркімнің өз стилі болады. Мен халықпен жұмыс істеп отырмын. Ашық болуға тырысамын. Ақсақалдармен тығыз байланыс жасап отырмыз. Үлкенді сыйлау қазақтың қанында бар қасиет. Біз қазақы ауыл болғандықтан осы үрдісті сақтап отырмыз», - деп сөзін қорытындылады аудан әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1048012-aqtobe-oblysynda-audan-akimi-birde-bi.html